Accessibility links

БҰҰ елдерінің көбі дүниежүзілік миграциялық пактіні мақұлдады


БҰҰ бас хатшысының халықаралық миграция жөніндегі арнайы өкілі Луиза Арбур (оң жақта) Марракештегі конференцияда отыр. 9 желтоқсан 2018 жыл.

БҰҰ құрамындағы мемлекеттердің көбі - 150-ден астам ел "Қауіпсіз, тәртіпке келтірілген миграция жөніндегі дүниежүзілік пактіні" қабылдау туралы мәмілеге келді. Бұл туралы Reuters агенттігі Марокко сыртқы істер министрі Насер Буритаға сілтеме жасап хабарлады. Буританың сөзінше, акт әзірге ресми дауысқа салынған жоқ. Актіні қабылдауға қатысты жиын Марракеште өтті.

Құжатты дайындағандар акт заңсыз миграцияны қысқартып, мигранттарды барған елінде интеграциялануға және қайтадан туған еліне қайта оралуына септеседі деп санайды. Пактіге қол қойған елдер оны бұлжытпай орындауға міндетті болмайды.

Бұған дейін еуропалық әсіре оңшыл саясаткерлер құжатты сынаған. Олардың пікірінше, пакт керісінше Африка мен араб елдерінен келетін мигранттар санын арттыруы мүмкін. Еуропа Одағының кем дегенде алты елі бұл келісімді қолдаудан бас тартты.

Былтыр желтоқсанда БҰҰ-ның миграция жөніндегі келісіміне қосылудан АҚШ бас тартқан. Бұдан соң Венгрия, Австрия, Австралия, Чехия, Израиль мен Польша да келісімді қолдамаған.

Пактіні қолдайтындар арасында Германия канцлері Ангела Меркель бар. Меркель құжат миграциялық дағдарысты халықаралық деңгейде реттеуге жол ашатынын айтады. Германия канцлері қазір әлемде 70 миллионға тарта босқын барын, олардың жартысы - балалар екенін айтты.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG