Accessibility links

Ақтөбеде "заңсыз мұнай сатқан топ" өкілдері сотталды


"Заңсыз жолмен мұнай сатты" деп айыпталған топ мүшелері (артқы қатарда) мен олардың адвокаттары сот үкімін тыңдап тұр. Ақтөбе, 12 желтоқсан 2018 жыл.
"Заңсыз жолмен мұнай сатты" деп айыпталған топ мүшелері (артқы қатарда) мен олардың адвокаттары сот үкімін тыңдап тұр. Ақтөбе, 12 желтоқсан 2018 жыл.

Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөнәндегі мамандандырылған ауданаралық сотында 12 желтоқсан күні "Қырғызстандағы қытайлық зауытқа заңсыз жолдармен мұнай сатты" деп айыпталған ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелеріне үкім шықты. "Топтың белсенділері" деп сипатталатын "Ақтөбе мұнай өңдеу зауыты" компаниясы құрылтайшыларының бірі Алмас Қожағалиев 19 жылға, "Интер Ойл Экспорт" ЖШС директорының орынбасары, Беларусь азаматы Сергей Кунцевич 17 жылға сотталды.

Тергеу материалдарына қарағанда, "трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топтың" құрамында бес адам бар.

"Трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топтың" тағы екі мүшесі , "Ақтөбе мұнай өңдеу зауыты" ЖШС бас технологі Эдуард Өтениязов пен бөлім бастығы Азамат Көшкінбаевқа төрт жылдық түрме жазасы кесілді. Мұнай саудасымен айналысқан алматылық компания директоры Сыдық Раев та төрт жылға сотталды.

Тергеу бұл азаматтарды Ақтөбе мұнай өңдеу зауытынан алынған шикі мұнайды Қырғызстандағы қытайлық зауытқа заңсыз жолдармен сатты деп айыптаған еді. Ақтөбедегі кеніштерден Қырғызстанға жеткізілген шикі мұнай құжаттарда "Oil Biend" маркалы мұнай қоспасы деп көрсетілген. Ал оның көлемі 13 мың тонна деп айтылады.

2016 жылы 7 желтоқсанда Ұлттық қауіпсіздік комитеті Ақтөбедегі мұнай өңдеу зауытында арнайы операция жүргізіп, мұнай ұрлығына қатысы бар деген күдікке іліккендердің ұсталғаны, олардың тұрғылықты жері мен бірқатар кәсіпорында тінту шаралары жүргізіліп жатқаны туралы хабарлаған.

Алмас Қожағалиевтің адвокаты Данияр Қанафин сот үкіміне наразы. Оның айтуынша, сот Қожағалиевтің кінәсіз екенін дәлелдейтін айғақтарға назар аудармаған. Сондықтан, Данияр Қанафин мен сотталушының туыстары апелляциялық шағым түсірмекші.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG