Accessibility links

Страсбургтегі атысқа күдіктінің туыстары ұсталды


Страсбургтегі шабуылға күдікті Шериф Шекат туралы полиция таратқан хабарлама.
Страсбургтегі шабуылға күдікті Шериф Шекат туралы полиция таратқан хабарлама.

Франция полициясы Страсбургте Рождество жәрмеңкесінде шабуыл жасады деген күдіктінің туыстарын ұстады. Қастандық жасаушының ата-анасы мен екі бауыры қамауға алынды. Олардың біреуі радикалды исламшылдармен байланысы болған деген күдікке ілініп отыр.

Күдіктінің өзі әлі қашып жүр. Оны іздеуге 700-ден астам адам жұмылдырылған. Франция Ішкі істер министрлігі оның елден кетіп қалуы да мүмкін екенін айтады.

11 қараша күні кешкісін Страсбургтің орталығында өтіп жатқан Рождество жәрмеңкесінде ер адам жұртқа оқ атқан. Шабуылдан үш адам қаза тауып, 13-і жараланған. Полиция мәліметі бойынша, күдікті - 29 жастағы Страсбург тұрғыны Шериф Шекат. Ол Францияда ғана емес, Германия, Швейцарияда 27 рет жауапқа тартылып, Германияда қарақшылық жсағаны үшін түрмеге отырып шыққан. Оны 2017 жылы Францияға депортациялаған.

Шабуылды Париж прокуратурасының терроризммен күрес жөніндегі бөлімі тергеп жатыр. Францияның барлық шекарасында бақылау күшейтілді. Страсбургте демонстрациялар мен акциялардың кез-келген түрін өткізуге тыйым салынды.

Әлем елдерінің басшылары Франциядағы шабуыл құрбандарына байланысты көңіл айтып жатыр. Германия билігі неміс арнайы қызметі француз әріптестеріне қолдан келген көмегін көрсететінін мәлімдеді. АҚШ президенті Дональд Трамп шабуылды айыптап, АҚШ шекарасында қауіпсіздік шараларын күшейтуге уәде берді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG