Accessibility links

Страсбургтегі атыста жараланған тағы бір кісі қаза болды


Қарулы шабуылға күдіктіге қарсы арнайы операция өткізіп жатқан полиция жасағы. Страсбург, 13 желтоқсан 2018 жыл.
Қарулы шабуылға күдіктіге қарсы арнайы операция өткізіп жатқан полиция жасағы. Страсбург, 13 желтоқсан 2018 жыл.

Страсбургте желтоқсанның 11-і күні Рождество мерекесіне арналған жәрмеңкеде болған қарулы шабуыл құрбандарының саны төрт адамға жеткен. Бұл туралы прокурорларға сілтеме жасап Associated Press хабарлады. Шабуылдан 13 адам зардап шеккен.

Оқи отырыңыз: Страсбургтегі атыста бірнеше адам қаза тапты

Бұған дейін үш адамның қаза тапқаны туралы хабарланған болатын. Атыс кезінде алған жарақаттан ауыр халде жатқан төртінші адам – италиялық журналист Антонио Мегалицци желтоқсанның 14-інде жан тәсілім еткені туралы сол күні кешке Италия премьер-министрі Джузеппе Конти хабарлады. Europhonica радиостанциясының тілшісі болып істейтін Мегалицци журналистік зерттеу жүргізіп жүрген. Француз полициясының мәліметінше, атыс кезінде "шамамен он адам" жараланған.

Франция билігі Страсбургтегі шабуылды теракт деп атады. Полиция оған күдікті - Страсбург тумасы 29 жастағы Шериф Шекатты желтоқсанның 13-і күні ұстамақ болғанда ол қарсылық көрсеткендіктен, оны атып өлтіргені туралы хабарлаған.


Франциялық BFMTV телеарнасының мәліметі бойынша, Шериф Шекат жәрмеңкеде болған атыс туралы қылмыс болған жерден мінген такси жүргізушісіне айтқан. Оның сөзінше, осылайша "Сирияда өлтірілген бауырлар үшін кек алған". Франция құқық органдары бұл ақпаратқа қатысты әзірше ресми комментарий берген жоқ.

2015 жылы Парижде жасалған ірі терактіден кейін Францияда қауіпсіздік шарасы барынша күшейтілген. Соңғы үш жылда бұл елде бірнеше терактіден 200-ге жуық адам құрбан болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG