Accessibility links

Францияда "сарғылт жилеттілер" шеруге қайта шықты


Наразылық акциясына қатысушы Франция туын ұстап тұр. Париж, 1 желтоқсан 2018 жыл. (Көрнекі сурет.)

Желтоқсанның 15-і күні Францияда "сарғылт жилеттілер" тағы да наразылық акциясына шықты. Париж бен елдің өзге де қалаларында осымен қатарынан бесінші сенбіде наразылық шерулері жалғасты.

Үкімет жанармай салығын ұлғайтуға мораторий жариялағаннан кейін және президент Эммануэль Макрон ең төменгі еңбекақыны көтеру және артық жалақыға салынатын салықты жою туралы мәлімдегеннен кейін, биліктің айтуынша, алдыңғы апталармен салыстырғанда бұл жолы көшеге наразылық білдіріп шыққандар саны анағұрлым аз болған.

Франция ішкі істер министрлігі сенбі күні "сарғылт жилеттілер" акциясы кезінде көшедегі тәртіпті 70 мыңға жуық полиция қызметкері қамтамасыз етеді деп хабарлаған.

Париж полициясының мәліметінше, сенбі күні наразылық акциясына мыңға жетер-жетпес адам шыққан. Бұдан бір апта бұрын олардың саны ондаған мың адамға жеткен. Бұл жолы полиция 40-қа жуық адамды ұстаған, ал бір апта бұрын полициямен қақтығыстар және көшедегі тәртіпсіздіктер барысында мыңнан астам адам ұсталған.

Билік орындары желтоқсанның 15-і күні Париждің көпшілік баратын орындарын жаппауды ұйғарған. Өткен аптада Эйфель мұнарасы, Лувр, Париж операсы және туристер көп баратын өзге де орындар жабылған болатын.

Францияның өзге аймақтарындағы "сарғылт жилеттілердің" наразылық акцияларына да адыңғы демалыс күндерімен салыстырғанда бұл жолы адам аз қатысты деп жазады Le Monde басылымы.

Франциядағы наразылық акциялары осыдан бір айдан астам уақыт бұрын басталған. Ондаған мың демонстрант үкіметке көлік жанармайына салықты ұлғайтудан бас тарту туралы талап қойған. "Сарғылт жилеттілер" бұған қоса үкімет пен президент Эммануэль Макронның отставкаға кетулерін талап еткен. Француз басылымдарының хабарлауынша, қарашаның ортасынан бастап Франция полициясы елдің бірнеше қаласында қоғамдық тәртіпті бұзу және вандализм оқиғаларына байланысты төрт жарым мыңға жуық манифестантты ұстаған.


Желтоқсанның 10-ы күні президент Макрон жанармай салығын ұлғайтуға жарты жылға мораторий енгізілетіні және наразыларды сабасына түсіруге бағытталған өзге де шаралар туралы мәлімдеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG