Желтоқсанның 17-і күні шымкенттік оннан астам белсенді 1986 жылы желтоқсанда Алматыда билікке қарсы наразылық білдірген қазақ жастарының шеруіне қатысушыларды еске алып, құран бағыштады. Қайрат Рысқұлбеков атындағы көшелердің бірінде орналасқан Қайрат Рысқұлбековке арналған ескерткіш тақтайша алдына гүл шоқтарын қойды.
Жиналғандар Желтоқсан құрбандарымен бірге 2011 жылы Жаңаөзен оқиғасы кезінде қаза тапқандарды да еске алды.
- 1986 жылғы желтоқсанда әділетсіздік үшін наразылық білдірген қазақ жастарының арқасында біз осындай күнге жеттік. Тәуелсіздік күнін құрбан болған жастарға құран бағыштап, қаралы күн деп қарсы алып жатырмыз. 16-желтоқсан күні белсенділердің үйін полиция күзетіп, сыртқа жеке шаруасымен шыққандарын полиция бөлімшелеріне алып кетті. Бұл дұрыс емес. Мұндай болса, Тәуелсіздік күнін өзгерту керек, - дейді шымкенттік белсенді Ибрахим Әлсерке.
Шараға қатысқан белсенділерді онға жуық полиция күзетіп тұрды.
Желтоқсанның 16-ы күні әлеуметтік желіде Шымкентте жеке шаруасымен жолға шыққан бірнеше белсендіні полиция ұстап, бірнеше сағаттан соң босатқаны туралы ақпарат пайда болды. Жергілікті полиция бұған қатысты жауап бермеді. 16 желтоқсанда Алматы, Астанада да полиция белсенділерді ұстап, қайта босатқан.
ПІКІРЛЕР