Accessibility links

Ұлттық экономика министрі ортақ электронды валютаға қарсы екенін айтты


Еуразия экономикалық одағына мүше елдердің тулары
Еуразия экономикалық одағына мүше елдердің тулары

Қазақстанның ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов Еуразия экономикалық одағы аумағында ортақ электронды валюта енгізу ұсынысын қолдамайтынын айтты.

"Бұл жеке ұстанымым, саясаткер ретінде де ұстанымым осындай. Менің ойымша, ұлттық валюта әнұран, ту, елтаңба сияқты егемендігіміздің белгісі. Біз оны қорғап, дамытып, сақтауымыз керек. Қандай да бір квази-, прокси валюталар мен соған ұқсас нәрселерге жол бермеуіміз керек" деді министр 19 желтоқсанда парламент отырысынан кейін ақпарат құралдарына.

Сүлейменовтың айтуынша, одақ аумағында ортақ валюта енгізуге қатысты Ресей ресми түрде ұсыныс жасамаған.

“Ресейдің ұлттық төлем одағы бұл ұсынысты талқылап жатыр. Оларда мұндай бірнеше ұсыныс бар, бірақ ЕАЭО-ның ортақ электронды валютасын шығару Ресейдің ресми ұсынысы емес. Қазақстандағы кез келген қаржыгер қауымдастығы да осылайша ұсыныс жасай алады” деді Сүлейменов.

Бұған дейін одақ аумағында ортақ электронды валюта енгізу туралы ұсынысты ресейлік “Ұлттық төлем одағы” қауымдастығы айтқан. “Ұлттық төлем одағы” қауымдастының өкілі Андрей Лисицын трансшекаралық төлемдерді дамытуда кедергілер барын айтқан.

Өткен аптада ресейлік БАҚ Ресей қаржы министрлігінің қауымдастық ұсынысын қолдағанын хабарлаған. ЕАЭО құрамына Ресей, Қазақстан, Қырғызстан, Беларусь, Армения кіреді.

Қарай отырыңыз: ЕАЭО экономикадан бөлек салаға бет бұра ма?

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG