Accessibility links

Вице-министр тарифтердің қаншаға арзандайтынын жариялады


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Қазақстанда 2019 жылдан бастап бірқатар коммуналдық қызмет тарифтері 17,5 пайызға дейін төмендейді. Бұл туралы желтоқсанның 20-сы күні үкіметте өткен брифинте ұлттық экономика вице-министрі Серік Жұманғарин хабарлады.

Жұманғариннің сөзінше, қазірге дейін Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарында тұрғындарға жылу бағасы арзандатылған. Ал 1 қаңтардан бастап барлық облыста су, электр қуаты, жылу және газ бағалары арзандайды.

Вице-министрдің мәліметінше, келесі жылдан бастап облыстарда жылу бағасы 2,2 пайыздан (Қарағанды облысы) 15,3 пайызға (Түркістан облысы) дейін, ауызсу бағасы 3 пайызға арзандайды. Қазірге дейін Жамбыл облысында су бағасы 22 пайызға арзандаған.

Сонымен қатар, 1 қаңтардан бастап газ бағасы 3,3 пайыздан (Маңғыстау облысы) бастап 17,5 пайызға (Алматы облысы) дейінгі аралықта арзандайды.

Ұлттық экономика министрлігінің есебінше, тұрғындар коммуналдық қызмет тарифтерінің арзандауынан жиыны 27,5 миллиард теңге үнемдейді.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев қарашаның 7-сі күні Қауіпсіздік кеңесінің жиынында табиғи монополияны реттеу, бәсекелестік пен тұтынушылар құқығын қорғау комитетінің жұмысын сынап, үкіметке жыл соңына дейін тарифтерді төмендетуді тапсырған.

Көре отырыңыз: Үкімет тарифтерді қалай арзандатпақ?

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG