Accessibility links

ВВС: Қазақстан әлеуметтік желіні бақылайтын жүйеге тапсырыс берген


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Digital Revolution тобының хакерлері Ресей Федералдық қауіпсіздік қызметіне (немесе ФСБ) қарасты "Квант" ғылыми-зерттеу институтының серверіне бұзып кіргенін мәлімдеп, одан ұрланған мәліметтерін жариялады. Хакерлер жария еткен құжаттарда қоғамдағы наразылық көңіл-күйді анықтап, талдау жасау үшін әлеуметтік желіге мониторинг жүргізу жүйесін дайындау жайы баяндалады. Digital Revolution "Квант" институты мұндай жүйені қосалқы мердігер ретінде Қазақстанда жүзеге асырып жатқанын айтады. BBC-дің Орыс қызметінің мәліметінше, Қазақстанның Ақпарат және коммуникация министрлігі бұл жүйеге 4,3 миллион доллар бөлген.

Хакерлер серверді бұзғанының дәлелі ретінде "Квант" серверіндегі әкімшілер тізімі мен папкалар атауы көрінетін скриншоттарын жариялады. Олар бұдан өзге ұйымның ресми сайтының кодын өзгерткен. Сайтқа кіргенде біраз уақыт Digital Revolution тобының символы шығып тұрады. Қазір "Квант" сервері сайтымен және корпоративтік пошталарымен бірге өшіп тұр.

"Квант" жасап шығарған интернеттегі қоғамдық пікірді бақылау жүйесі танымал әлеуметтік желілер - "ВКонтакте", Facebook, "Одноклассники" және Instagram-дағы жазбалардың мазмұнына автоматты түрде талдау жасайтын, өзін-өзі даярлайтын нейрон желілерін қолданады. Жүйені сынақтан өткізгенде кілт сөз ретінде оппозициялық саясаткер Алексей Навальныйдың аты-жөні келтіріледі. Хакерлер жариялаған құжаттарға қарағанда, "Квант" әлеуметтік желілердің біріндегі "Путин, уходи" тобын бақылай алады.

Мәскеудің Ховрино ауданында орналасқан "квант" жабық институты 1970 жылдары алғашқы советтік ЭВМ-дерді жасаған. Институт 2008 жылы ФСБ қарауына өткен. WikiLeaks-тің мәліметінше, ғылыми-зерттеу институты италиялық Hacking Team компаниясы клиенттерінің бірі болған. Forbes журналының дерегіне қарағанда, 2012-2014 жылдары "Квант" италиялық компаниядан тыңшылық жасайтын бірнеше бағдарлама алған болуы мүмкін. Олардың арасында байланыс құрылғысының іс-қимылын бақылай алатын, нақты айтқанда экраннан скриншот түсіріп, веб-камера мен микрофонға қосыла алатын және жазбалар мен құпия сөздерді жазып алатын "Қашықтан бақылау жүйесі" бар.

2018 жылы АҚШ "Квант" институтына санкция салған. АҚШ билігі "Кванттың" президент сайлауы қарсаңында жасалған хакерлік шабуылдарға қатысы болуы мүмкін деп санайды.

2018 жылы Digital Revolution тобы "интернетті түрмеге айналдырғандар" - Ресей құқық қорғау органдары мен арнайы қызметі және Роскомнадзор мекемесін жазалауға уәде берген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG