Accessibility links

Атырауда Жайық өзенінен бес тонна өлі балық жиналған


Жайық өзені. (Көрнекі сурет.)
Жайық өзені. (Көрнекі сурет.)

Атырау облысында Жайық өзенінен осы уақытқа дейін жиналған өлі балықтың жалпы салмағы бес тоннаға жеткен. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігінің орман шаруашылығы және жануарлар әлемін қорғау комитетіне сілтеме жасап Қазақпарат агенттігі хабарлады. Бұған дейін сараптама қорытындысы бойынша, қырылған балықтардан аммиак табылғаны туралы хабарланған.

Атырауда Жайық өзенінде балықтардың жаппай қырылғаны туралы ақпарат желтоқсанның басында әлеуметтік желілерде тараған. Желтоқсанның 10-ы күні Атырау облысының әкімдігі 110 өлі балық табылғаны туралы хабарласа, келесі күні қырылған балықтың жалпы салмағы бір тоннаға жеткенін мәлімдеген.

Сол кезде Атырау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясында ведомствоаралық комиссия жұмысын бастаған. Желтоқсанның 12-і күні облыс әкімдігі таратқан ресми ақпаратта тексеру нәтижесі өзен суының "таза әрі халыққа еш қауіп төндірмейтінін" анықтағаны айтылған. Сонымен бірге балықтардың жаппай қырылуына байланысты қылмыстық іс қозғалғаны хабарланған.

Оқи отырыңыз: Жайықта қырылған балық қылмыстық іске түрткі болды

Ресми ақпарат бойынша, қазір Жайық өзеніне су төгетін төрт кәсіпорында – «Атырау су арнасы», Атыраудағы жылу энергетикалық орталығы, Орал-Атырау бекіре өсіру зауыты мен Атырау бекіре балық өсіру зауытында тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр

Балықтың не себептен қырылғаны және аммиактың оған қайдан жұққаны туралы әзірше ресми ақпарат жоқ.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG