Дүниежүзілік допингке қарсы агенттіктің (WADA) бір топ сарапшысына Мәскеудегі допингке қарсы зертханаға баруға рұқсат еткенімен, ондағы деректерді бермеген және оларды Ресейден шығаруға тыйым салған. Бұл туралы ақпарат желтоқсанның 21-і күні WADA сайтында жарияланған.
"Ресей федерациясының билігі деректерді алуға арналған құрал-жабдықтар Ресей заңдарына сәйкес сертификациялануы тиіс деген мәселе көтергендіктен делегация белгіленген мерзімде миссиясын аяқтап үлгермеді" делінген ақпаратта.
WADA мәлімдемесінде Ресей тарабының осыған дейінгі кездесулерде бұл мәселені көтермегені атап жазылған.
WADA сарапшыларының дайындаған есебі Ресейдің допингке қарсы агенттігінің (РУСАДА) құқығын қалпына келтіру туралы шешімді бекітуге әсер етпек. Бұл мәселе бойынша арнайы комитеттің отырысы 2019 жылғы қаңтардың 14-і мен 15-і күндері өтеді деп хабарлайды Deutsche Welle.
WADA 2015 жылы Ресей спортында допинг қолдануды мемлекеттің қолдайтыны ықтимал екені туралы есебін жариялап, кейін Ресейдің допингке қарсы агенттігінің аккредитациясын тоқтатқан. Биыл қыркүйекте Дүниежүзілік допингке қарсы агенттік (WADA) Ресейдің допингке қарсы агенттігінің (РУСАДА) статусын үш жылдан соң қалпына келтірген. Алайда, РУСАДА бірқатар шартты, солардың бірі – WADA сарапшыларын Мәскеудегі допингке қарсы зертхана, ондағы 2015 жылы мөр басылып, бекітілген допинг сынамалары мен ақпараттық жүйемен танысуына кедергі келтірмеу туралы талапты орындауы тиіс.
WADA ұйымы РУСАДА-ға аккредитациясын қайтарды
ПІКІРЛЕР