Индонезияда цунами салдарынан, соңғы мәліметтер бойынша, кемінде 168 адам қаза тапқан. Отызға жуық адам хабар-ошарсыз кеткен, 700 адам зардап шеккен деп хабарлайды жергілікті төтенше жағдайлар қызметі.
Сенбі күні Зонд мүйісіндегі аралда Анак-Кракатау жанартауы оянған. Мамандардың болжамынша, сол кезде болған жерасты дүмпулері цунамиге ұласып, Суматра мен Ява аралдарының жағалауына лап берген.
Цунамиден туристік аймақтар да зардап шеккен. Теңізден жойқын толқын келіп жеткен сәтте жағажайда концерт қойып жатқан Seventeen тобының бірнеше музыканты қазаға ұшыраған. Құтқарушылар табиғи апат болған аймақтарға әлі толық жетіп үлгермегендіктен цунами құрбандарының саны тағы көбеюі мүмкін деген болжам айтылып отыр.
Қыркүйек айында Индонезияның Сулавеси аралында жер сілкінісі салдарынан 2500-ден астам адам мерт болған.
Бұл жолғы цунами Индонезияда осыдан 14 жыл бұрын ірі табиғи апат болған желтоқсан айында қайталанып отыр. 2004 жылы желтоқсанның 26-сы күні жер сілкінісінен кейін теңізде аса үлкен цунами пайда болып, жағалаудағы бірнеше елге, соның ішінде Индонезияға да орасан шығын әкелген. Ол жолы табиғи апаттан 230 мыңнан астам адам құрбан болған.
ПІКІРЛЕР