Accessibility links

Адвокат: Денис Тенді тапсырыспен өлтірген болуы мүмкін


Спортшы Денис Теннің өліміне қатысты сот тыңдауы. Алматы, 25 желтоқсан 2018 жыл

Алматыда спортшы Денис Теннің өліміне қатысты алдын ала сот тыңдауында жәбірленуші тараптың адвокаты Теннің "тапсырыспен өлтірілгенін" мәлімдеп, істі қайта тергеуге жіберуді сұрады.

Адвокат Нұрлан Өстеміров сотта қылмыстың "тапсырыспен жасалу сипаты барын" және процессуалдық заң бұзылды деп санайтын айтты.

Ол қылмыс жасаған сыбайластарды анықтау үшін істі прокуратураға қосымша тергеуге жіберуді сұрайтынын мәлімдеді. "Іс материалдарында келтірілген айғақтарда қарама-қайшылық бар, ол айғақтар қылмыстың тапсырыспен жасалғанын көрсетеді" деді Нұрлан Өстеміров.

Адвокат бұған қоса сотқа қылмысқа күдікті Арман Құдайбергенов жасаған ұрлықтан зардап шеккен астаналық тұрғын Самар Шамшиевті әкелу туралы да талап-арыз түсірді.

25 желтоқсанда Алматы қалалық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында спортшы Денис Теннің өліміне қатысты алдын-ала сот тыңдауы басталды. Оған спортшының туыстары, күдікті және күдіктілердің жақындары, адвокаттар, ақпарат құралдары қатысып жатыр. Істі судья Кеңшілік Абдельдинов жүргізіп жатыр.

Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы, Сочи олимпиадасының қола жүлдегері, Азия ойындарының чемпионы Денис Тен 19 шілдеде Алматыда пышақ жарақатынан ауруханада қаза тапқан. Спортшы қала орталығында көлігінің жанында әлдекімдер салған пышақ жарақатынан ауруханаға жеткізілген соң қайтыс болған. Алдын-ала дерек бойынша, ол көлігінің айнасын ұрлаған адамдарды тоқтатпақ болған кезде жараланған.

Теннің өліміне қатысты істе үш күдікті бар. Олар - Нұралы Қиясов, Арман Құдайбергенов және Жанар Толыбаева. Қиясов және Құдайбергеновке Қылмыстық кодекстің "қарақшылық" және "кісі өлімі" баптары бойынша айыптар тағылған. Ал Толыбаева "қылмысты хабарламау" айыбы бойынша күдікке ілінген. Бұдан бөлек, Құдайбергеновке "бірнеше рет ұрлық жасады" деген, ал Толыбаеваға "өзара келісіп ұрлық жасады" деген айып тағылған.

  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG