Accessibility links

Назарбаев Порошенкоға: Керчь жанжалы келіссөзбен шешілгені жөн


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Украина президенті Петр Порошенко. Астана, 9 қазан 2015 жыл.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Украина президенті Петр Порошенкомен телефонмен сөйлесіп, екі елдің қарым-қатынасын талқылады және Украина шығысындағы жағдай жөнінде пікір алмасты.

Ақорда баспасөз қызметінің хабарлауынша, президенттер 26 желтоқсан күнгі әңгімесінде екіжақты ынтымақтастықтың кейбір маңызды мәселелері мен даму келешегін талқылады. Президенттер биыл екі ел байланысы жандана түскенін айтып, алдағы уақытта оны үзбеуге уағдаласты.

Назарбаев пен Порошенко сонымен қатар Донбасстағы ахуал жөнінде пікір алмасты. Украина президенті Керчь бұғазындағы жанжалды баяндады. Назарбаев бұл жанжалдың Ресей мен Украина арасында тікелей келіссөз өткізу арқылы тезірек реттелгенін қолдайтынын білдірді.

Қазақстан президенті сонымен қатар Украина дағдарысына қатысы бар тараптарды конструктивті диалог жүргізуге және ымыраға келу жолдарын қарастыруға шақырып, дағдарысты реттеуге барынша септесуге дайын екенін айтты.

25 қарашада таңертең Керчь бұғазында Ресей әскерилері украин кемелерін атқылап, екі әскери кемені ұстаған. Бірнеше әскери жараланған. Ресей украин кемелері территориядан "заңсыз кесіп өтті" деп айыптаса, Украина кемелердің бұл аумақтан өтетіні "алдын-ала ескертілгенін" айтып, кемелердің заңсыз ұсталғанын айтқан.

Ресей 2014 жылы наурызда Украина құрамындағы Қырым түбегін аннексиялап алған. Ал сәуірде Донецк мен Луганск облыстарында ресейшіл сепаратистер мен Украина әскері арасында соғыс басталған. Қақтығыстардан 10 мыңнан астам адам қаза тапқан. Киев Мәскеуді ресейшіл сепаратистерді қолдап отыр деп айыптайды. Бірақ Мәскеу оны жоққа шығарады. 2015 жылы ақпанда Минскіде қақтығысты тоқтату жөнінде келісім жасалғанымен, ол әлі күнге толық орындалмай келеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG