Accessibility links

Кремль: "Авангард" зымыран кешені сынақтан өтті


Ресей қорғаныс министрлігі таратқан Орынбор облысында "Авангард" зымыран кешенін сынақтан өткізу сәтінен көрініс. 26 желтоқсан 2018 жыл.
Ресей қорғаныс министрлігі таратқан Орынбор облысында "Авангард" зымыран кешенін сынақтан өткізу сәтінен көрініс. 26 желтоқсан 2018 жыл.

Ресей билігі дыбыстан да ұшқыр жаңа "Авангард" зымыран кешені сынақтан сәтті өткенін мәлімдеді. Азаттықтың Орыс редакциясының хабарлауынша, жаңа қаруды сынауға Ресей президенті Владимир Путиннің өзі тапсырма берген.

Кремльдің баспасөз қызметі зымыран Орынбор облысынан ұшырылып, Камчатка өлкесіндегі шартты нысанды атып түсіргенін хабарлады.

Владимир Путин өткен аптада қорғаныс министрлігінің қорытынды жиынында сөйлеп, Ресейдің жаңа ядролық зымырандары "соғысқұмар және басқыншылық сарындағы лепірме сөзге үйірлерді ойлантатынын" айтқан. Путин ол кезде "Сармат" құрлықаралық баллистикалық зымыраны сынақтан сәтті өткенін, ал дыбыстан да ұшқыр жаңа "Авангард" зымыран кешені ендігі тұрақты шығарылып жатқанын мәлімдеген.

Қазан айында Сочиде өткен форумда Путин Ресейдің жаңа қару-жарақтары барын, сондықтан өзге елдермен соғысудан қорықпайтынын мәлімдеген. Президенттің сөзінше, Ресей өзі бірінші болып ядролық қару қолданбайды, бірақ жауап ретінде ядролық соққы жасауға дайын. "Біз азап шегуші ретінде жұмаққа барамыз. Ал олар арам қатады. Себебі олар тәубесіне келіп үлгермейді" деген Путин.

АҚШ есеп палатасының (Government Accountability Office) 25 желтоқсанда жариялаған есебінде АҚШ-та қазір Ресей мен Қытай дайындап жатқан дыбыстан да ұшқыр қаруға қарсы тұратын қорғаныс жүйесі жоғы айтылған. Алайда, баяндамада Ресейде мұндай қарудың қолданысқа енгізілгені туралы мәлімет жоқ.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG