Accessibility links

"Жиһадшылар ісіндегі" куәгер екі белсендіге қарсы арызын қайтарып алды


Белсенді Асхат Берсәлімов.
Белсенді Асхат Берсәлімов.

Қоғамда "жиһадшылар ісі" аталып кеткен қылмыстық істегі негізгі куәгер, 23 жастағы Асхат Шәрбат екі азаматтық белсендінің үстінен түсірген шағымын қайтарып алды. Асхат Шәрбат белсенділер Сүйіндік Алдабергенов, Қарашаш Боданова және Асхат Берсәлімовті "жиһадшылар ісі" бойынша өткен сот тыңдауы кезінде өзін көпшілік алдында тілдеді деп айыптап, сотқа арызданған. Ол арызында үшеуінен моральдық зардап шектім деп, өтемақы өндіріп беруді талап еткен еді.

27 желтоқсан күні өткен сотта Асхат Шәрбат Сүйіндік Алдабергенов пен Қарашаш Бодановаға қарсы арызын қайтарып алатынын мәлімдеді. Үстінен арыз түскен белсенді Асхат Берсәлімов сырқаттанып, сотқа келмеді.

Судья Ернар Қасымбеков бүгін Алдабергенов пен Бодановадан қылмыстық айыпты алып тастау туралы қаулы шығарды. Судья Асхат Берсәлімовке қарсы істі қарай бермек болғанымен, адвокаты Серік Айтбаев сот отырысын оның қатысуымен өткізуді сұрады.

Бұған дейінгі сотта Асхат Шәрбат Сүйіндік Алдабергенов, Қарашаш Боданова және Асхат Берсәлімовтің әрқайсысынан моральдық зардап келтірді деп 200 мың теңгеден өндіріп беруді сұраған.

Асхат Шәрбаттың айтуынша, белсенділер "жиһадшылар ісі" соты кезінде залдан шыққанда өзіне тіл тигізген. Шәрбаттың сөзінше, Боданова өзін көрген сәтте "Дәлізге шықты" деп айқайлаған, Алдабергенов өзін видеоға түсірген. Ал Берсәлімов өзін жағасынан ұстап, екі рет бетіне түкірген. Бұдан соң олар дөрекі сөз айтып, кетіп қалған. Шәрбат "жиһадшылар ісінің" сот тергеуінде үш белсендімен пікірі үйлеспегендіктен олар өзіне қарсы "сөз байласып" тіл тигізді деп санайды.

Асхат Шәрбат "жиһадшылар ісінде" сотталушыларды айыптаған басты куәгер болған. Бұл іс бойынша алматылық белсенділер Алмат Жұмағұлов, Кенжебек Әбішев пен Оралбек Өміров жеті жыл мен сегіз жыл аралығындағы мерзімге сотталған. Сотталушылар мен олардың адвокаттары Асхат Шәрбат сотта қарама-қайшы куәлік берді деп, оны жауапқа тартуды сұраған. Бұл істі қараған судья Қуаныш Әріпов 21 желтоқсан күні үкімнің қарар бөлігін оқыған соң бір куәгердің үстінен жеке сот қаулы шығарғанын айтқан. Бірақ ол куәгердің аты-жөнін атамаған.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG