Accessibility links

Азаттықтың Ақтөбедегі тілшісін полиция ұстаған


"Қаржы пирамидасы" ісі бойынша айыпталушы Қуаныш Жақсыбаев сотта отыр. 3 қаңтар 2019 жыл.
"Қаржы пирамидасы" ісі бойынша айыпталушы Қуаныш Жақсыбаев сотта отыр. 3 қаңтар 2019 жыл.

Ақтөбеде "заңсыз қаржы пирамидасын құрды" деп айыпталған Қуаныш Жақсыбаевтың соты аяқталып, үкім шықты. Сот отырысынан хабар таратуға барған Азаттық тілшісі Жаңагүл Жүрсінді де полиция ұстап әкеткен.

Азаттық тілшісінің айтуынша, судья үкім оқып жатқанда айыпталушының жақтастары сот залында шу шығарып, үстел-орындықтарды сындыра бастаған. Үкіммен келіспегендер сот ғимаратының алдында да наразылықтарын жалғастырған. Кейін наразыларды және оқиғаны видеоға түсіріп тұрған Азаттық тілшісін полиция күштеп автобусқа салып, алып кеткен.

"Мен сыртта болған оқиғаны видеоға түсіре бастадым. Полиция видеоға түсірмеңіз деді. Қызмет бабымен жүргенімді айтып, қызметтік куәлігімді көрсеттім. Бірақ соған қарамастан қолымды қайырып, автобусқа салып алып кетті" деді Азаттық тілшісі.

Азаттық журналисі полиция бөлімшесіне барған соң ішкі істер департаментіне, прокуратураға хабарласқан. Кейін прокуратура өкілі Азаттық тілшісіне қателесіп ұстағандарын айтып, босатқан.

Ал судья "мыңдаған адамнан 167 миллион теңге ақша жинап алды" деп айыпталған Қуаныш Жақсыбаевқа 6 жыл 6 ай түрме жазасын кесті. Үкімге сай, ол жазасын қауіпсіздігі орташа деңгейдегі түзеу мекемесінде өтеуі тиіс. Айыпталушының апелляциялық шағым түсіруге құқығы бар.

Айыптау актісіне сай, "Жақсыбаев 2016-2017 жылдары APPORT қосымшасын жасап, ақтөбеліктерді қаржы пирамидасына тартқан. Ол жүздеген адамның ақшасын өз атына аударып алған". Ұялы телефон қосымшасын пайдаланушылар үкіммен келіспейді.

"Қаржы пирамидасы" сотындағы шу
please wait

No media source currently available

0:00 0:00:42 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG