Accessibility links

АҚШ Конгрессінің спикері болып демократ Нэнси Пелоси сайланды


Нэнси Пелоси Вашингтондағы АҚШ конгрессінің отырысында. 3 қаңтар 2019 жыл.
Нэнси Пелоси Вашингтондағы АҚШ конгрессінің отырысында. 3 қаңтар 2019 жыл.

АҚШ Конгрессінің өкілдер палатасы Демократиялық партия өкілі Нэнси Пелосиді спикер етіп сайлады. Оны 219 конгресмен қолдап, 192-сі қарсы дауыс берді. Пелоси палатадағы республикашылдар жетекшісі Кевин Маккартиден көп дауыс жинады. Пелосиге 12 демократ қарсы дауыс берген.

Конгресстің жаңа құрамы 3 қаңтарда жұмысқа кірісті. 2018 жылдың қараша айында өткен сайлауда өкілдер палатасы демократтар бақылауына өткен. Ал республикашылдардың көпшілігі сенаттағы орындарын сақтап қалды.

Пелоси Мексикамен шекараға қабырға тұрғызуға қаражат қарастырылмаған бюджет туралы заң жобасын таяу уақытта қабылдауға уәде берді. Бұл заң жобасының қабылданбауы мемлекеттік мекемелердің жұмысына да әсер етті. NBC-ге сұхбат берген конгресс спикері қабырға тұрғызуға бюджеттен бәрібір ақша бөлінбейтінін айтады.

Ал сенаттағы республикашылдар президент Дональд Трамп қолдамаса, сенаторлар демократтар жоспарын қарамайды деп отыр. Президенттің өзі осыған дейін Мексикамен шекарада дуал тұрғызуға қаржы бөлу туралы талабы орындалмайынша үкімет жұмысы ішінара тоқтап тұра беретінін ("шатдаун") мәлімдеген.

"Шатдаун" зардабы федералдық мекемелердің 800 мыңнан астам қызметкеріне тиіп отыр, олардың жартысынан көбі ақысыз жұмыс істеп жатыр.

Президент Дональд Трамп конгресстен Мексикамен шекарада қабырға тұрғыза бастау үшін 5,7 миллиард доллар бөлуді талап етеді, ал демократтар бұны орындаудан үзілді-кесілді бас тартып отыр. Шекарада қабырға тұрғызу жобасына барлығы 20 миллиард доллардан артық қаржы кетуі мүмкін.

78-дегі Нэнси Пелоси - 2003 жылдан бері өкілдер палатасындағы демократтар жетекшісі. 2007–2011 жылдары өкілдер палатасының спикері бірінші рет әйел болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG