Accessibility links

Апелляция соты Жәкішевті мерзімінен бұрын босатпады


Мұхтар Жәкішев
Мұхтар Жәкішев

Шығыс Қазақстан облысының соты 4 қаңтарда Мұхтар Жәкішевтің өзін шартты түрде мерзімінен бұрын босатудан бас тартуға қарсы аппеляциялық шағымын қанағаттандырмады. Түрмеде отырған "Қазатомөндіріс" компаниясының бұрынғы басшысы Жәкішев өзін мерзімінен бұрын босату туралы өтінішін қанағаттандырмаған қалалық соттың шешіміне қатысты аппеляциялық шағым түсірген.

Мұхтар Жәкішев пен оның адвокаты Нұрлан Бейсекеевтің шағымын Өскемен қаласындағы Шығыс Қазақстан облыстық сотының судьясы Ғалия Алипанова қарады. Бейсекеевтің Азаттыққа айтуынша, ол апелляциялық шағымында Жәкішевтің "шығын келтірді" деген 99,6 миллиард теңгені қайтаруы мүмкін емесін, оның үшінші топ мүгедегі екенін келтірген. Бірақ прокурор да, судья да бұған уәж айтып, жауап бермеген.

Адвокат алғашқы сот шешімі күшіне енгенін, апелляциялық сот шешіміне енді шағымдана алмайтынын айтады. Дегенмен, ол Жоғарғы сотқа сотталушының құқығы бұзылғанын айтып, қылмыстық істі қайта қарау туралы өтініш түсіруі мүмкін екенін айтты. Адвокаттың сөзінше, Мұхтар Жәкішев өзін шартты түрде мерзімінен бұрын босатуды сұрап енді жарты жылдан кейін ғана өтініш білдіре алады.

Былтыр қарашаның 28-інде Семейдің №2 соты Мұхтар Жәкішевтің өзін мерзімінен бұрын босату туралы өтінішін қарап, қанағаттандырмаған. Соттың хабарлауынша, бұған сотталушының "шығынды өтемеуі себеп болған". Сот өкілі сол күні Азаттыққа Жәкішевтің шығынды кімге және қанша көлемде өтеуі керектігі жайлы ақпараттың "құпия" екенін жеткізген. Дегенмен, бір күннен кейін істі қараған Семейдегі №2 соттың судьясы Нұрлан Нұралинов "Мұхтар Жәкішев келтірген шығын көлемі 99,6 миллиард теңге" екені, "осы күнге дейін ол бір тиын төлемегені" туралы жергілікті сайтқа комментарий берген.

"Мұхтар Жәкішев тек процессуалдық шығынды өтеген. Ал келтірген шығынның жалпы сомасы 99,6 милииард теңгені құрайды. Оның денсаулығына қатысты анықтамалар берілді. Медициналық санитарлық бөлімнің қортындысына сәйкес сотталушы – үшінші топтағы мүгедек, жұмысқа жартылай ғана жарамды. Дегенмен, ол аздап жұмыс істеп, ақшаның бір бөлігін шығынды өтеуге жіберуіне болар еді. Алайда, осы уақыт ішінде бір теңге де төленбеген" деген судья Нұрлан Нұралинов.

Оқи отырыңыз: Мұхтар Жәкішевті анасының жерлеуіне жібермеді

55 жастағы Мұхтар Жәкішев 2009 жылы мамырда ұсталған соң сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деп айыпталып, 14 жылға сотталған. Қазір ол жазасын Семей қаласындағы қатаң режимдегі колонияда өтеп жатыр.
Бұған дейін Мұхтар Жәкішев хәл үстінде жатқан анасы – Раиса Жәкішевамен кездесуге, кейін анасы қайтыс болғанда жерлеуге жіберуге өтініш жасаған. Бірақ түрме басшылығы екеуінде де оған рұқсат бермеді.
Қылмыстық атқару жүйесі комитеті мұны Қылмыстық-атқару кодексінің "Мекеменің шегінен тыс жерге шығу" туралы 113-бабының 5-тармағымен түсіндірген. Бұл тармақта "қылмыстық топ құрамында жасалған қылмыстармен сотталғандарға сыртқа шығуға рұқсат берілмейді" деп жазылған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG