Accessibility links

Трамп импичмент туралы сөзге жауап қатты


АҚШ президенті Дональд Трамп.
АҚШ президенті Дональд Трамп.

АҚШ президенті Дональд Трамп өкілдер палатасының жаңа құрамы жұмысын бастаған күні бірнеше конгресменнің айтқан сөзіне байланысты пікір білдірді. Трамп Twitter әлеуметтік желісіндегі парағында: "Осы уақытқа дейінгі сайлаулардың ішіндегі, бәлкім ең маңыздысында жеңіске жеткен, ешқандай жамандық қылмаған (Ресеймен астыртын мәміле жасамаған, Ресеймен ондай мәмілені демократтар жасаған), қызмет мерзімінің екі жылын басқа кез-келген президенттен сәтті өткізген және республикалық партия тарихындағы ең танымал – 93 пайызға ие президентке қалайша импичмент жариялауға болады?" деп жазған.

Конгрестің жаңа құрамы жұмысына кіріскен күні өкілдер палатасының екі мүшесі - демократтар Брэд Шерман (Калифорния) мен Эл Грин (Техас) "Трампты биліктен кетіру керек" деп мәлімдеген. Өкілдер палатасының жаңа спикері демократ Нэнси Пелоси палатада көпшілік дауысқа ие демократтар президент Дональд Трампқа импичмент жариялауға қол жеткізе алады деген болжамға қатысты пікірін білдірген. Оның сөзнше, президентке импичмент жариялау заң шығарушылардың өзара тіресіне алып келуі мүмкін. Пелоси импичмент туралы мәселені шешу үшін екі партияның да қолдауы керек екенін айтқан.

Шерман мен Грин бұған дейін 2017 және 2018 жылдары президент Трампқа импичмент жариялау қажеттігі туралы екі рет мәлімдеген. Бірақ ол кезде өкілдер палатасында көпшілік дауысқа ие республикашылдар демократтар ұсынған қарар жобасын өткізбей тастаған. Сонымен бірге оларға "импичмент туралы айтуға әлі ерте" деп санайтын демократтар да қосылған.


Спикер Пелоси пен өкілдер палатасы заң комитетінің төрағасы, Нью-Йорк штатынан сайланған демократ Джеролд Надлер АҚШ сайлауына Ресейдің араласу ықтималдығын зерттеп жатқан АҚШ арнайы прокуроры Роберт Мюллердің тергеуі аяқталғанша күте тұруға шақырған. Бұған дейін президент Трамп төңірегіндегі адамдардың ресейлік ресми тұлғалармен астыртын мәміле жасасуы мүмкін деген болжамды тексеру ісін бірнеше рет сынаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG