Ресей президенті Владимир Путин және Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған АҚШ-тың Сириядан әскерін алып кету жоспарын талқылау үшін жақын арада кездеспек. Бұл екі елдің де қазіргі кезде Сирияда әскері бар.
6 қаңтарда түріктің Anadolu мемлекеттік агенттігі кездесудің осы айда өтетінін, бірақ нақты күні белгіленбегенін хабарлады. Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков екі ел басшыларының кездесуі болатынын растады.
Соңғы рет Путин мен Ердоған желтоқсан басында Буэнос-Айрестегі G-20 саммитінде кездескен. Желтоқсан айының аяғында екі елдің сыртқы істер министрлері мен қорғаныс министрлері Сириядағы мәселеге орай Мәскеуде бас қосқан.
Сирия қақтығысында Ресей мен Иран Сирия президенті Башар Асад әскерін, ал Түркия түрлі топтағы көтерілісшілерді қолдайды.
АҚШ президентінің ұлттық қауіпсіздік бойынша кеңесшісі Джон Болтон 8 қаңтарда АҚШ-тың Сириядан әскер алып кету жоспарын Түркияның қорғаныс министрі Хулуси Акар және барлау қызметінің басшысы Хакан Фриданмен талқылайтынын айтқан.
Оқи отырыңыз: Сириядан әскерін әкететін АҚШ "қаруын күрдтерге қалдыруы мүмкін"
Бұл кездесулер Болтонның дәл осы мәселе бойынша Израильдегі кездесуінен кейін жоспарланған. Болтон бұған дейін Түркия АҚШ-тың аймақтағы одақтасы "күрдтерге тиіспейміз" деп уәде берген соң ғана АҚШ Сириядан әскерін толық әкетеді деп айтқан.
ПІКІРЛЕР