Accessibility links

Сот белсенді Инсенованың бас бостандығын шектеді


Белсенді Дильнар Инсенова (оң жақта) мен адвокаты Сәбит Исабеков сотта отыр. Алматы, 9 қаңтар 2019 жыл.

Бүгін Алматының Әуезов аудандық сотында белсенді Дильнар Инсеноваға қарсы іс бойынша сотта үкім оқылды. Азаттық тілшісінің хабарлауынша, судья Ерхан Тотыбай Дильнар Инсенованы Қылмыстық кодекстің 189-бабымен ("Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу") айыпты деп танып, бас бостандығын екі жылға шектеуге үкім етті. Бұған қоса сот оның екі жыл қоғамдық қызметпен айналысуына тыйым салды.

Дильнар Инсенованың үстінен қозғалған іс бойынша сот процесі өткен жылы желтоқсанның соңында басталған. Алматы қалалық жұмыспен қамту орталығы белсендінің үстінен азаматтық шағым түсіріп, одан "жымқырған бюджет қаржысын қайтаруды" талап еткен. Прокуратура Инсенованы 189-бап бойынша қылмыстық жауапқа тартуды талап еткен.

Сот тергеуі бойынша, Инсенова өзі жетекшілік еткен тұрғындарды дәрігерлік-әлеуметтік қорғау қоры арқылы мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмысқа тартқан. Алматы қалалық жұмыспен қамту орталығы қоғамдық ұйымға жұмыс істеген мүгедектерге төлейтін жалақы аударып отырған. Жұмыспен қамту орталығы "Инсенова ақшаны мүгедектерге толық төлемей, 2 миллион теңгеден астам қаржыны өзі жұмсаған" дейді.

Сот барысында Дильнар Инсенова "жымқырды" делінген қаржыны өтегені туралы түбіртегін көрсеткендіктен, судья азаматтық шағым бойынша істі тоқтатты.

Соттағы жарыссөз кезінде Инсенова өзіне тағылған айыпты мойындайтынын, бірақ ісіне өкінбейтінін мәлімдеді.

Судья үкім шығарарда оның кәмелет жасына толмаған екі баласы барын және қылмысын мойындағанын ескеріп, бас бостандығынан айыру емес, шектеу жазасын кескенін айтты.

Дильнар Инсенова сот үкіміне апелляциялық шағым түсіретінін жеткізді.

Тұрғындарды дәрігерлік-әлеуметтік қорғау қорының жетекшісі әрі Құқық қорғаушыларды қорғау және қауіпсіздік мәселелері бойынша коалицияның мүшесі Дильнар Инсенова ипотекаға үй алып, қарызын төлей алмай жүрген азаматтардың наразылық акцияларына қатысып белгілі болған. 2015 жылы қазанда билік оған Ұлттық банк ғимараты алдында "рұқсат етілмеген наразылық акциясын ұйымдастырғаны" үшін айыппұл салған.

2018 жылы қаңтарда Инсенова өзін пәтерінен күштеп көшірмек болғанда наразылық танытқан.

Белсендіні мәжбүрлеп көшіру (16 қаңтар 2018 жыл)

  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG