Accessibility links

Ақтөбеде "оқушыға қол жұмсаған" инспектордың соты басталды


Ақтөбе қалалық соты. 9 қаңтар 2019 жыл.
Ақтөбе қалалық соты. 9 қаңтар 2019 жыл.

9 қаңтарда Ақтөбе қалалық сотында "жоғары сынып оқушысына қол жұмсаған" мектеп инспекторының ісі бойынша сот басталды. 22 жастағы Саламат Ермағамбетке "лауазымдық өкілетін асыра пайдаланды" деген айып тағылған.

"Жоғары сынып оқушысына қол жұмсағаннан кейін" 2018 жылы 27 қыркүйектен бастап жұмыстан босатылған Саламат Ермағамбет сотта қазір уақытша жұмыссыз жүргенін айтты. Оның адвокаты Жұмабай Арыстанов тараптардың өзара келісімге келгенін және процестік келісім жасамақ ниеттері барын хабарлады.

Прокурор Бағдат Байтурин тараптарға бұл өтінішті жазбаша түрде білдіруді сұрады. Судья Ербол Әбдіхалықов келесі сот отырысын 21 қаңтарда сағат 14:30-ға белгіледі.

Оқушыға қол жұмсау дерегі 2018 жылы 22 қыркүйекте тіркелген. Ақтөбедегі №2 мектептің директоры Сәния Дәнешова оқиға болған күні "мектеп формасы талабын сақтамаған" оқушы ер баламен инспектордың оңаша сөйлескенін айтқан. Екеуінің арасында кикілжің туып, мектеп инспекторы оқушыға "қол жұмсаған". Директордың сөзінше, сол бойда мектепке баланың ата-анасы шақырылып, тараптар өзара мәмілеге келген. Кейін бұл жайт әлеуметтік желілерде жарияланып, көпшіліктің талқысына түскен.

22 жастағы Саламат Ермағамбет инспекторлық қызметке 2018 жылы 1 қыркүйекте кірісіп, жаңа жұмыс орнында небәрі 22 күн еңбек еткен.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG