Accessibility links

ҰҚК: Сириядан қайтарылғандардың жетеуіне іс қозғалды


ҰҚК департаментінің басшысы Бақытбек Рақымбердиев. Астана, 10 қаңтар 2019 жыл.
ҰҚК департаментінің басшысы Бақытбек Рақымбердиев. Астана, 10 қаңтар 2019 жыл.

Сириядан таяуда қайтарылған Қазақстанның жеті азаматының үстінен Қылмыстық кодекстің "террористік топтың әрекетіне қатысу" бабы бойынша іс қозғалып, тергеу жүргізіліп жатыр. Бұл туралы Астанада өткен брифингте ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) департаментінің басшысы Бақытбек Рақымбердиев Азаттық тілшісінің сұрағына жауабында айтты. Оның сөзінше, жеті адам ДАИШ [Қазақстанда тыйым салынған "Ислам мемлекеті" экстремистік тобының араб тіліндегі атауының қысқартылған нұсқасы - ред.] сапында соғысты деген күдікке ілінген.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев кеше Қазақстан әскери күштері 5-6 қаңтарда Сириядан 47 қазақстандықты елге жеткізгенін хабарлаған. Ресми мәлімет бойынша, Сириядан қайтарылғандар арасында әйелдер мен 30 бала бар.

Рақымбердиевтің айтуынша, Сирияда қазір Қазақстаннан кеткен 380-ге жуық ересек азамат және шамамен 400-500 бала бар. Оның дерегінше, 380 ересектің үштен екісі - әйел. ҰҚК өкілі Қазақстан билігі Сириядағы қазақстандықтарды қайтару жұмыстарын жүргізіп жатқанын айтты. Оның сөзінше, қаңтардың басында Сириядан қайтарылған балалардың көбінің жасы 5-ке толмаған. Олардың арасында он шақты бала Сирияда туған.

Оқи отырыңыз: Назарбаев Сириядан қазақстандықтар тобы қайтарылғанын айтты

Сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаев Сириядан қайтарылған азаматтар – Алматы мен Астана қалалары, Алматы, Атырау, Батыс Қазақстан, Маңғыстау және Қарағанды облыстарының тұрғындары деп хабарлады. Олар Сирияға 2012-2015 жылдар аралығында кеткен.

Ашықбаевтың сөзінше, Сирияда туған балаларға құжат жасауда мәселе болмайды, мұнымен ішкі істер министрлігі мен жергілікті органдар айналысады.

Сыртқы істер министрілігінің өкілі Сириядан 47 қазақстандықты қайтаруға көмектескен елдер арасында АҚШ барын айтты.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG