Accessibility links

Комиссия: Теміртау комбинатындағы апатқа АМТ кінәлі


Өндірістегі қауіпсіздік комитетінің Қарағанды облыстық департаменті жетекшісінің орынбасары Кеңгірбай Есенеев (сол жақтан екінші) Теміртаудағы металлургиялық комбинатта болған апатты тексеру нәтижесін жариялап отыр. Теміртау, 10 қаңтар 2019 жыл.

Теміртауда 10 қаңтарда металлургиялық комбинатта былтыр 10 қарашада болған ірі апатты тексеру нәтижесі жарияланды. Комиссия комбинатта апат болып, шектеулі режиммен жұмыс істеуге көшуіне комбинат иесі "АрселорМиттал Теміртау" (АМТ) компаниясы мен оның бірнеше лауазымды тұлғасын кінәлі деп таныды. Комиссия тұжырымы бойынша, сегіз адам, оның ішінде компанияның атқарушы директоры жауапқа тартылуы иіс.

"Компанияның кінәлі екені - жүз пайыз шындық, жұмысшылардың мүлдем кінәсі жоқ" деді комиссия құрамындағы өндірістегі қауіпсіздік комитетінің Қарағанды облыстық департаменті жетекшісінің орынбасары Кеңгірбай Есенеев.

"АрселорМиттал Теміртау" компаниясының атқарушы директоры Вадим Басин журналистердің "Апаттың алдын алуға болатын ба еді?" деген сауалына "Апаттың алдын алуға болар еді" деп жауап берді. Басин сонымен қатар өндірістік желіде кемшіліктер болғандықтан апат 10 қаңтардан басқа кез-келген күні туындауы ықтимал болғанын айтты.

Компанияның ірі апаттан тартқан шығыны әлі есептеліп жатыр. Басиннің сөзінше, комбинат әлі күнге дейін қалыпты жұмыс істей алмай тұр. Өндірісті қалпына келтіруге уақыт керек.

Комиссия қорытындысы бойынша технологиялық құбыр желілері динамикалық ауыртпалық тым көп түскендіктен істен шығып, салдарынан ауа айдау құбырларының бір-бірімен қосылған жерлері жарылған. Сонымен қатар, оттегі бөлетін компоненттерді блоктардан уақытында ажыратпағандықтан апат ауқымы ұлғайып кеткен.

Комиссия өкілдері тексеру қорытындысы 26 желтоқсанда-ақ дайын болғанын, бірақ бүгін жариялауды жөн деп тапқанын айтады.

9 қаңтарда парламент мәжілісінің депутаты Альберт Рау Қазақстан премьер-министрі Бақытжан Сағынтаевқа сауал жолдап, Теміртаудағы металлургиялық комбинаттың ахуалы нашарлауы мүмкін деп алаңдаған. Депутаттың пікірінше, комбинат жұмысы оның "өнеркәсіптік базасын қолдау және модернизациялау шараларына жеткілікті қаржы бөлмеу салдарынан" тұралауы мүмкін.

2018 жылы 10 қарашада комбинаттағы конвертер мен әктас өртеу цехы арасындағы құбырлар желісі құлап, өрт болған. Бұған дейін жергілікті билік апаттан кейін комбинатты толық қуатына желтоқсан айында қосатынын хабарлаған, бірақ кейінірек апат себебін зерттеу мерзімі ұзартылатынын айтып, кейінге шегерген.

  • 16x9 Image

    Елена ВЕБЕР

    Елена Вебер - шығармашылық псевдоним. Елена - 2010 жылдан бері Азаттықтың Қарағанды облысы бойынша тілшісі. Теміртау қаласында тұрады. ҚарҰУ-дің филология факультетін бітірген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG