Accessibility links

Шахтыдағы жарылыс болған үйден екінші адамның мәйіті табылды


Жарылыстан қираған көпқабатты үй. Шахты қаласы, Ресей, 14 қаңтар 2019 жыл.
Жарылыстан қираған көпқабатты үй. Шахты қаласы, Ресей, 14 қаңтар 2019 жыл.

Ресейдің Шахты қаласында жарылыстан қираған көпқабатты үйдегі үйінді астынан әйелдің мәйіті табылды. Ресей төтенше жағдайлар министрлігінің хабарлауынша, Шахтыдағы жарылыстан қаза тапқандар саны осымен екі адам болды. Жарылыстан соң хабар-ошарсыз жоғалған үш адамның тағдыры әлі белгісіз.

14 қаңтарда таңертең Ростов облысындағы Шахты қаласында тоғыз қабатты үйдің ең жоғарғы қабатында жарылыс болған. Жарылыс салдарынан жоғарғы екі қабатта төрт пәтер қираған. Жеті адам құтқарылып, үйден 140 адам эвакуацияланған.

Бұған дейін құтқарушылардың үй қабырғалары құлап түсуі мүмкін деген қауіппен үйіндіні аршу жұмыстарын тоқтатқаны хабарланған. 15 қаңтарға қараған түні үйдің қирауы мүмкін деген қабырғалары бұзылып, іздеу жұмыстары қайта басталған.

Жарылысқа байланысты қылмыстық кодекстің "абайсызда қазаға ұшырату" бабы бойынша іс қозғалған. Тергеушілер тұрғын үйде газ баллоны жарылған болуы мүмкін дейді.

Өткен жылы 31 желтоқсанда Ресейдің Магнитогорск қаласындағы он қабатты үйде жарылыс болып, бір подъезд толық қираған. Апаттан 39 адам қаза тапқан. Ресми органдар жарылысқа бөлмеге тараған газ себеп болған деп мәлімдеген.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG