Accessibility links

АҚШ: Иран спутник ұшырғанда БҰҰ қарарын бұзды


Иран зымыран тасығышының ғарышқа ұшқан сәті. 15 қаңтар 2019 жыл.
Иран зымыран тасығышының ғарышқа ұшқан сәті. 15 қаңтар 2019 жыл.

Иран ғарышқа спутник ұшырған кезде құрлықаралық баллистикалық зымыран жасауға арналған технологияны пайдаланып, БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің қарарын бұзды. Бұл туралы АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео мәлімдеді. Ол Тегеранның халықаралық талаптарды "өрескел бұзғанына" Вашингтонның төзе алмайтынын айтты.

Помпеоның мәлімдемесінде АҚШ-тың Ираннан төнетін қауіп-қатерге, оның ішінде Тегеранның зымыран бағдарламасына қарсы тұру үшін одақтастармен бірге жұмыс істеп жатқаны айтылған. Мемлекеттік департамент Иранның зымыран бағдарламасы Еуропа мен Таяу Шығысқа қауіп төндіреді деп санайды.

Иранның 15 қаңтарда ғарышқа ұшырған спутнигі орбитаға шыға алмай қалған. Тегеран зымыран тасығыш қажетті жылдамдық ала алмағанын мәлімдеген.

БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің қарары Иранның ядролық бағдарламасын шектейтін барлық жан-жақты іс-қимыл жоспарын қолдайды. Жоспар 2015 жылы бекітілген. Тегеран ғарышқа аппарат ұшыру БҰҰ қарарын бұзбайды дейді. Иран билігі елдің қорғаныс қабілетін күшейту мақсатымен зымыран ұшыруды жалғастыра беретінін мәлімдеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG