Астанада құқық қорғаушылар, адвокаттар мен азаматтық белсенділер баспасөз мәслихатын өткізіп, Қазақстанда сот шешімінің не себепті орындалмайтынын талқылады. Олар ішкі істер министрлігін ғана емес, соттың атқарушы жүйесін де реформалау керек деп санап, ұсыныстарын билікке жолдамақ ниеті бар.
"Қазақстанда парламентаризмді дамыту қорының" жетекшісі Зәуреш Баталлованың айтуынша, Қазақстанда мемлекет атынан қабылданған сот шешімдері ұзақ жыл сөз бұйдаға салынып, орындалмайды. Батталова бұл сот шешімдеріне ғана емес, оны шығарған судьяға да, ол сотқа қатысып жеңіп шыққан адвокатқа да сенімсіздік тудырады деп санайды. Ал орындалған сот шешімдері негізінен тек коммуналдық төлемдер немесе алимент тәрізді аса бір маңызды емес мәселелерге ғана қатысты.
- Мәселен, Қарағандыда күйеуі мүгедек, ыдыс жуушы әйел коммуналдық төлемді төлемегені үшін сот шешімімен бір жылға бас бостандығы шектелген. Ал сол уақытта бизнесті рейдерлік жолмен тартып алу, мемлекеттік органдардың жеткізушілерге ақшасын төлемеуі туралы сияқты жайттар болып жатқан. Бұндай сот талқылаулары қараусыз қалады, - дейді Баталлова.
Адвокаттар мен заңгерлер сот шешімінің орындалмауына сот орындаушылары жауапты деп санайды. Адвокат Қайрат Есілжанов сот атқарушы жүйесіне жеке сот орындаушыларының кіруі "сот жүйесін комерцияға айналдырды" деп сынады.
- Мұндағы проблема жеке сот орындаушысының өзінде. Менің ойымша, олар жеке сот орындаушысынан гөрі табыс табуға ұмтылған кәсіпкерлерге көбірек ұқсайды. Егер сот шешімі орындалмаса, онда ол шешімнің қандай мәні бар? - дейді ол.
Жиынды ұйымдастырушылар сот жүйесі өкілі мен сот орындаушыларының арнайы шақырылғанына қарамастан келмегенін айтты. Ал жиынға қатысқан жалғыз сот орындаушысы Дәурен Аймақов өздеріне қатысты айтылған сынға пікір білдіруден бас тартты.
Баспасөз мәслихатын ұйымдастырушылар сот шешімдерінің орындалмауы соттың атқарушы институт ретіндегі жүйесін реформалау керектігін көрсетеді деген пікірге тоқтады. Олар тиісті заңға өзгеріс енгізу туралы ұсынысты үкіметке дайындайтын болып келісті.
ПІКІРЛЕР