Accessibility links

Ресей соты "тыңшылық жасады" деп ұсталған АҚШ азаматын кепілге босатпады


"Тыңшылық жасады" деген күдікпен ұсталған АҚШ азаматы Пол Уилан сотта отыр. Мәскеу, 22 қаңтар 2019 жыл.
"Тыңшылық жасады" деген күдікпен ұсталған АҚШ азаматы Пол Уилан сотта отыр. Мәскеу, 22 қаңтар 2019 жыл.

Ресей соты Мәскеуде "тыңшылық жасады" деген күдікпен ұсталған АҚШ азаматы Пол Уиланды кепілге босатудан бас тартты. Мәскеу қалалық соты 22 қаңтар күні шығарған шешімінде аудандық соттың Пол Уиланды 28 ақпанға дейін қамауға алу туралы шешімін күшінде қалдырды.

48 жастағы Пол Уиланның өзін сотқа қатыстырды.

Уиланның Ресейдегі адвокаты Владимир Жеребенков бұған дейін АҚШ азаматының қолына "мемлекеттік құпия ақпарат қалай түскенін" және Уиланның өзі одан хабардар болған, я болмағанын білмейтінін айтқан.

АҚШ-тың Мәскеудегі елшілігі консулдың қамаудағы Уиланмен кездесуіне рұқсат берілмей жатқанын алаңдайтынын білдірді. АҚШ консулдары Уиланмен 17 қаңтарда жолықпақ болған. Бірақ сол күні сыртқы істер министрлігі Уиланмен жолығудың федералдық қауіпсіздік қызметінің сұрауы бойынша кейінге қалдырылатынын мәлімдеген. АҚШ елшілігі Ресей бұл әрекетімен екі ел арасындағы конвенцияны бұзып отыр деп санайды.

АҚШ-тың бұрынғы теңіз жаяу әскерінің қызметкері, Ирландия, Канада және Ұлыбритания азаматтығын қатар алған Пол Уиланды 28 желтоқсанда Мәскеуде федералдық қауіпсіздік қызметінің агенттері ұстаған.

Ресей билігі оны "тыңшылық жасау үстінде" ұсталғанын мәлімдейді. "Росбалт" агенттігінің хабарлауынша, Уилан Мәскеуде "арнайы қызмет агенттерінің тізімі бар флеш-карта алып жатқан сәтінде" қолға түскен. Айыпты деп танылған жағдайда, оған 10 жылдан 20 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылу жазасы кесілуі мүмкін.

Адвокат Владимир Жеребенковтың сөзінше, Уилан өзіне тағылған айыпты мойындамайды, ал отбасы оны тыңшылық жасады деп санамайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG