Accessibility links

Шекарада қаза болған адамның мәйіті Қазақстанға берілді


Қырғызстандағы шекара бекеті. Көрнекі сурет
Қырғызстандағы шекара бекеті. Көрнекі сурет

Қырғызстан тарабы қазақ-қырғыз шекарасында оққа ұшқан адамның мәйітін 24 қаңтарда Қазақстанға қайтарған. Бұл туралы қырғызстандық ақпарат агенттіктері хабарлады.

"Қазір екі елдің шекара қызметі бірлесіп тергеу жүргізіп жатыр. Жақында Қырғызстанның Таластағы, Қазақстанның Тараздағы шекара қызметінің өкілдері кездескен" деп хабарлады КирТАГ.

Қаза болған адамның туыстары Талас облысына 23 қаңтарда барған және олар қазір тергеу шараларына қатысып жатыр.

Ал Қазақстан тарабы шекараны бұзып өткен тағы екі адамды іздестіріп жатқандарын хабарлады. Қырғызстан шекарашылары да күдіктілерді іздеп, Талас облысының Манас ауданын аралап шыққан.

Қырғызстандық ақпарат агенттіктерінің жазуынша, 24 қаңтарда Қазақстан мен Қырғызстан сыртқы істер министрлері телефон арқылы сөйлесіп, шекарадағы жағдайды талқылаған.

23 қаңтарда Қырғызстанның Талас облысындағы Қазақстанмен шекарада қырғыз шекарашылары "Қазақстанға заңсыз жылқы айдап өтпек болған" белгісіз үш адамға оқ атқаны хабарланған. Қырғызстан шекара қызметінің мәліметінше, "шекарадан заңсыз өтпек болған белгісіз адамдар өздеріне күш көрсетпек болған соң" шекарашылар оқ атып, біреуін жаралаған. Екі адам жылқыларды айдап, Қазақстан шекарасынан өтіп кеткен. Жаралы адам қырғыз шекарашылары ауруханаға алып бара жатқанда қайтыс болған.

Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметінің хабарлауынша, қайтыс болған адам - Жамбыл облысының тұрғыны, 1974 жылы туған. Ресми мәлімет бойынша, қайтыс болған азамат бұрын "заңсыз қасақана мемлекеттік шекараны бұзды" деген айыппен сотталған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG