Accessibility links

"Жасыл кеңес" Қарағанды облысының экологиялық проблемаларын талқылады


Теміртау қаласындағы "Жасыл кеңестің" отырысы. 24 қаңтар 2019 жыл.
Теміртау қаласындағы "Жасыл кеңестің" отырысы. 24 қаңтар 2019 жыл.

Теміртауда 24 қаңтарда қоғам өкілдері "қара түсті қар жауды" деп шағымданған соң президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен құрылған "Жасыл кеңес" отырыс өткізді. Жиында Қарағанды облысындағы "республикалық ауқымдағы және жергілікті деңгейдегі ең өзекті экологиялық проблемалар" көтерілді.

Республикалық ауқымдағы проблемалар деп Нұра өзенінің сынаппен екінші рет ластануы және Теміртаудағы бұрынғы "Карбид" компаниясының өнеркәсіп алаңы аталды. Бұған дейін ағын суларды тазалау және залалсыздандыру жұмыстарын жүргізу керектігі бірнеше рет айтылған. Алайда, қаржы бөлінбеген. Жиында биыл облыстық әкімдіктің бюджеттен қаржы сұрап тағы да өтініш жасайтыны айтылды.

Экологтарды Балқаш көлінің жағалауында орналасқан "Дарьял-У" радиолокациялық станциясы аумағындағы құрамында полихлордифенил бар контейнерлерді шығару және жою проблемасы алаңдатып отыр. Бұған дейін 2019 жылы қауіпті қалдықтарды қайта қаптау, шығару және жою жұмыстарын жасау туралы өтініш мақұлданбаған. "Жасыл кеңес" отырысында қауіпті контейнерлерді қайта қаптауға қаржы бөлуге шешім қабылданды.

- Бұдан өзге, "Дарьял-У" нысаны аумағын құрылыс қалдықтарынан және полихлордифенилмен ластанған топырақтан тазарту керек. Сонымен қатар, Нұра өзенін сынаптан тазарту жобасы іске асырылған соң өзен мен оның жағалау аймақтарының қаншалықты ластанғанын анықтау керек, - деді "Жасыл кеңес" құрамына қосылған тәуелсіз эколог Дмитрий Калмыков.

Экологтар стационарлық орындардан (зауыт цехы, жылу қазандықтары) шығатын қалдықтарға онлайн-мониторинг жүйесін құру жайын да көтерді. 2018 жылы мұндай қалдықтардың көлемі 587 мың тоннаға жеткен.

- Мемлекеттік органдар мен қоғам өкілдері де бақылай алатын жоба құруды ұсынамыз. Себебі, егер тексеру жүргізсек, уақыт жоғалтамыз және қалдықтар аса байқалмайды. Әйтпесе, аяқастынан тексеріс ұйымдастыра салуға болатын еді, - деді энергетика вице-министрі Сәбит Нұрлыбай.

Темуртау қаласына қатысты ластайтын қалдықтарды азайтуды қарастыратын "сауықтыру жоспары" талқыланды. Жоспарда стационарлық орындардан ауаға тарайтын ластайтын қалдық мөлшерін 10 мың тоннаға, жылжымалы нысандардан шығатын қалдықтарды 15-20 пайызға, күкіртті сутекті 30 пайызға азайту, бір жылда қатталатын қалдықтар көлемін 1,3 миллион тоннаға азайту және энергия ресурстарын үнемдеу қарастырылған.

Жиынға қатысқандар Қарағанды облысындағы жекешелендіруден кейін бүлінген жерлерді қалпына келтіру, көмір өндіретін бірқатар кәсіпорынды жабу мәселелерін де көтерді. Экологтар бұған қоса бұрынғы Семей ядролық полигонының аумағын қоршап, оған рұқсатсыз ешкімді кіргізбеуді де сұрады.

Экологтар сонымен қатар тазарту құрылғылары мен кәріз жүйесінің апатты жағдайда тұрғанына да алаңдайтынын білдірді. Абай, Қаражал қалалары мен Шет, Жаңаарқа, Нұра, Бұқар жырау, Осакаровка, Ұлытау және Ақтоғай аудандарында тазарту құрылғылары жоқ. Жиында кейбір елді мекендердегі тұрмыстық қатты қалдықтарды төгетін полигондардың экологиялық және санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сай келмейтіні де айтылды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG