Accessibility links

АҚШ сенаты "шатдаунды" тоқтату ұсынысын қабылдамады


АҚШ сенаты отыратын Капитолий күмбезі (Көрнекі сурет).
АҚШ сенаты отыратын Капитолий күмбезі (Көрнекі сурет).

АҚШ сенаты президент Дональд Трамптың бір айдан бері жартылай тоқтап тұрған үкімет жұмысын қалпына келтіру туралы ұсынысын қабылдамады. Үкімет жұмысының ішінара тоқтауы ("шатдаун") туралы Демократиялық партияның бастамалары да өтпей қалды. Дауыс беру кезінде екі құжат та қажетті 60 дауысты жинай алмады.

"Шатдаунға" Трамп пен конгрестің өкілдер палатасында саны басым демократтардың 2019 жылдың бюджет жобасына келісе алмауы себеп болды. Трамп Мексикамен шекарада қабырға тұрғызуға бес миллиард доллардан астам қаржы сұрап отыр. Ал демократтар үкімет жұмысын толық қалпына келтіруге арналған өз жобаларын қабылдатпаққа талпынып жатыр. Демократтар шекарада қабырға тұрғызуға қарсы шығып, оның орнына шекарадағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету керек деп санайды.

22 желтоқсаннан бері "шатдаун" кесірінен АҚШ-тың 800 мың мемлекеттік қызметкері айлықсыз қалған. Шамамен 350 мың қызметкер өтемсіз демалысқа жіберілген. Олардың арасында NASA қызметкерлері, ұлттық саябақ қызметінің өкілдері бар. Жалақы мәселесі ішкі қауіпсіздік, көлік, әділет министрліктері сонымен бірге АҚШ мемлекеттік департаменті, федералдық тергеу бюросы қызметкерлерін де алаңдатып отыр. Bloomberg агенттігінің жазуынша, АҚШ-та "шатдаун" кесірінен әр екі аптада өндіріс 0,1 пайызға қысқарып отыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG