Accessibility links

Президент алдында сөйлеген көпбалалы анаға үй берілді


Жеті баланың анасы Жазира Тұрғынова балалары және күйеуімен бірге Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевтың қабылдауында. Түркістан, 25 қаңтар 2019 жыл.

25 қаңтарда Түркістан облысы Төле би ауданының тұрғыны, президент қатысқан жастар форумында сөз сөйлеген көпбалалы ана Жазира Тұрғыноваға Леңгір қаласынан төрт бөлмелі жеке үй берілді. Бұл жайында Азаттыққа Жазира Тұрғынованың өзі айтты.

Оның сөзінше, Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев жеті балалы отбасыны қабылдап, тұрғын үйдің сертификаты мен балаларға қыстық жылы киімдер берді. Сонымен бірге, әкім әйелге қосымша мамандық алуы үшін оқуына қолдау білдіретінін айтып, күйеуі Олжас Әбілдәбеков екеуін жұмысқа орналастыру мәселесін шешуге уәде берген.

- Біз - негізі Төлеби ауданы Ұзынарық ауылының тұрғынымыз. Сол жақта тұрақты тіркеудеміз. Бұған дейін күнкөру үшін Шымкентте жұмыс істеп, жалдамалы пәтерде тұрып келдік. Бүгін баспаналы болдық. Бала-шағамызбен қуанып отырмыз, - деді Жазира Тұрғынова Азаттыққа.

Ол үйге бүгін түстен кейін қоныстанатынын айтады.

Бұған дейін жергілікті БАҚ 27 жастағы Жазира Тұрғынованың жеті баласымен бірге Шымкентте пәтер жалдап тұрып жатқанын, күйеуінің тұрақты жұмысы жоғын хабарлаған еді. Үлкен баласының жасы 9-да, кенжесі - жасқа толмаған.

23 қаңтарда Жазира Тұрғынова Астанада жастар жылының ашылуына арналған форумда сөз сөйлеген.

  • 16x9 Image

    Дилара ИСА

    Дилара - Азаттықтың Шымкенттегі тілшісі. 1986 жылы туған. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті мен Абай атындағы ҚазҰПУ-ді бітірген.

    "Жас Алаш" газетінде жұмыс істеген.

    Азаттықпен 2012 жылдан бері әріптес.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG