Accessibility links

АҚШ Дерипасканың үлесі бар компанияларды санкциядан босатты


Олег Дерипаска, Ресей олигархы.
Олег Дерипаска, Ресей олигархы.

АҚШ қаржы министрлігі 27 қаңтарда Ресей олигархы Олег Дерипаскаға қатысы бар үш компанияны санкциядан босатқанын хабарлады.

Қаржы министрлігінің хабарлауынша, "Русал", "En+" және "ЕвроСибЭнерго" компаниялар тобындағы Дерипасканың үлесі айтарлықтай азайтылып, нәтижесінде ол бақылау пакетінен айырылған. Ал директорлар кеңесі мүшелерінің көбі тәуелсіз директорлардан, оның ішінде АҚШ азаматтарынан қайта құрылған. Дерипаска бұған қоса АҚШ билігі қойған басқа да бірнеше талапты орындаған.

Олег Дерипаска, Виктор Вексельберг пен Ресейдің басқа да бизнесмендеріне және олар бақылайтын компанияларға санкция былтыр сәуірде "АҚШ жауларына санкция арқылы қарсы тұру туралы" заңға сай енгізілген. Алайда, "Русал" әлемдегі алюминий өндіретін ең ірі компаниялардың бірі болғандықтан, санкция әлемдік металл нарығына, АҚШ пен Еуропадағы бизнеске кері әсерін тигізе бастаған. Кейін АҚШ билігі Ресей компанияларымен Дерипасканың компаниялардағы үлесі мен ықпалын азайтып, есесіне санкцияны жою туралы келісім жасасқан.

Оқи отырыңыз: АҚШ санкциялары олигархтар бизнесін күйретті

АҚШ конгресінің демократтар саны басым өкілдер палатасы бұған дейін санкцияны жоюға қарсы болған. 17 қаңтарда АҚШ конгресі өкілдер палатасының мүшелері санкцияны жоюды тоқтататын қарар қабылдағанымен, сенат оны мақұлдамай қойған. Дональд Трамп әкімшілігі конгресмендердің санкцияны жоюға кедергі келтірмеуіне лоббилік жасаған.

New York Times газеті өткен аптада компанияның талаптарды орындағанына күмән келтірген. Басылым Дерипаска мен қаржы министрлігі арасында жасалған келісімге талдау жасап, Дерипаска және онымен байланысы бар адамдар En+ және "Русалды" жанама түрде бақылап отыр деген тұжырым жасаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG