Accessibility links

Германия Ленинград қоршауын бастан өткергендерге қаржы бөлді


Қоршауда қалған Ленинград көшелерінің бірі, 1942 жыл.
Қоршауда қалған Ленинград көшелерінің бірі, 1942 жыл.

Германия билігі Ленинград қоршауын бастан өткеріп, тірі қалғандарға арнап 12 миллион еуро бөлді. Азаттықтың Орыс қызметінің хабарлауынша, бұл қаржының бір бөлігі ардагерлерге арналған ауруханаларды жаңартуға жұмсалады.

Германия үкіметінің арнайы мәлімдемесінде "қоршаудың тарихта тұтас қала мен оның халқына қарсы жантүршігерлік қылмыс ретінде қалғаны" айтылады. Ал қоршауда қалғандарға көмек "неміс халқы атынан жасалған қылмысқа жауапты екенін мойындау" сезімінен көрсетіліп отыр.

Таяуда Германияның Süddeutsche Zeitung газетінде Ресей билігін Ленинград тың азат етілгеніне 75 жыл толған күніне орай әскери парад ұйымдастырмақ болғанын сынаған мақала жарияланған.

"Билік қайғыға ортақтасып, еске алудың орнына тағы да парад өткізіп, ұлттық мақтанышқа мән беріп отыр. Мәскеудегі билік қоршауда қалғандарды немістерге батыл қарсы тұрған батырлар деп көрсетіп жатыр. Сол кездегі халықтың аштықтан титықтағаны, ұннан жасалған желім жегені, ал кейбірінің каннибализм үшін сотталғаны 1990 жылдары ғана жариялана бастады" делінген мақалада.

Мемлекеттік дума депутаты Сергей Боярский бұл мақалаға жауабында "ресейліктер ұлттық мерекеге қатысты әңгімеде немістердің пікіріне соңғы кезекте құлақ асу керегін" мәлімдеген.

27 қаңтарда Санкт-Петербургте Ленинградтың нацистік Германия қоршауынан азат етілгеніне 75 жыл толғанын атап өтті. Қаланы қоршау 1941 жылы 8 қыркүйекте басталып, 872 күнге созылған. Осы уақыт ішінде әрқилы дерек бойынша, қоршауда 600 мыңнан бір жарым миллионға дейін адам өлген. Нюрнберг процесінде 632 мың адам қырылғаны айтылған. Олардың үш пайызы ғана бомбалау мен артиллериядан атқылаудан, қалғаны аштықтан өлген.

Кеше Санкт-Петербургте Ленинградтың азат етілгеніне 75 жыл толуына орай әскери парад өтті. Парадқа екі жарым мың сарбаз және ондаған әскери техника, оның ішінде "Торнадо" реактивті дүркіндете ату жүйесі және "Трифумф" С-400 және "Искандер" зенит зымыран кешендері қатысты.

Ленинградтың қоршаудан босатылғанына 75 жыл толуына арналған әскери парад

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG