Accessibility links

Шалқардағы оқушы өлімі бойынша іс қозғалды


Шалқар қаласы маңындағы мектеп оқушылары төбелесті деген мұз айдыны. Ақтөбе облысы, 28 қаңтар 2019 жыл.

Ақтөбе облысының Шалқар қаласында болған оқушы өліміне байланысты Қылмыстық кодекстің 99-бабының 1-бөлімі бойынша ("адам өлтіру") бабы бойынша іс қозғалды. Бұл туралы 28 қаңтар күні Азаттық тілшісіне Шалқар ауданының прокуроры Арон Әбілов хабарлады.

Өткен аптаның соңында Шалқарда №6 мектеп пен Ыдырыс Үргенішбаев атындағы орта мектептің жоғарғы сынып оқушылары төбелесіп, бір оқушының кеуде тұсынан өткір затпен салынған жарақаттан қайтыс болғаны хабарланған.

Екі мектеп директорларының айтуынша, 26 қаңтар күні кешке №6 мектептің оқушылары мен Ідіріс Үргенішбаев атындағы мектептің жоғары сынып оқушылары Шалқар көлінің шетіндегі мұз айдынында төбелескен. Төбелес кезінде Үргенішбаев мектебінің 10-сынып оқушысы Мирасбек Дәулетияр пышақтан жараланып, ауруханада қайтыс болған.

Шалқар аудандық орталық ауруханасы бас дәрігерінің емдеу-профилактикалық жұмыстары жөніндегі орынбасары Есенғали Көпеновтің айтуынша, белгісіз біреулер қансырап жатқан баланы аурухана қақпасының алдына әкеліп тастаған. Сол жерде өтіп бара жатқан кездейсоқ адамдар оны ауруханаға кіргізген. "Науқасты алып келген кезде қан қысымы мүлдем болмады, жүрек тұсынан өткір нәрсемен терең жарақат салынғанын байқадық. Ауруханаға жеткізілген соң 15 минуттан кейін қайтыс болды" деді Көпенов.

Полиция қызметкері Шалқардағы №6 сектептің директоры Әлия Оспановадан (оң жақта) оқушы өліміне күдікті оқушы туралы мінездеме алып отыр. Шалқар, 28 қаңтар 2019 жыл.
Полиция қызметкері Шалқардағы №6 сектептің директоры Әлия Оспановадан (оң жақта) оқушы өліміне күдікті оқушы туралы мінездеме алып отыр. Шалқар, 28 қаңтар 2019 жыл.

№6 мектептің директоры Әлия Оспанованың айтуынша, бұл оқиғадан кейін осы мектептің 10-сыныбында оқитын төрт оқушы ұсталған. "Күдікті ретінде ұсталған 10-сынып оқушысы қазір ішкі істер бөлімінде. Үш оқушы куәгер ретінде жауап беріп, қазір босатылған" деді Әлия Оспанова.

Ақтөбе облыстық полиция департаменті бұл оқиғаға қатысты әзірге түсінік бермеді.

  • 16x9 Image

    Жаңагүл ЖҮРСІН

    Жаңагүл Жүрсін - Азаттықтың Ақтөбе облысындағы тілшісі. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе университетін бітірген. Еңбек жолын Ақтөбе облыстық телевидениесінен бастап, әр жылдары осы өңірдегі түрлі БАҚ-та тілші, редактор, бас редактор қызметін атқарған. Азаттықпен 2011 жылдан бері әріптес.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG