Accessibility links

АМТ-ның журналиске қарсы шағымы бойынша сот жалғасты


Журналист Олег Гусев АМТ компаниясының өзіне қарсы шағымы бойынша сот отырысында сөйлеп тұр. Теміртау, 28 қаңтар 2019 жыл.
Журналист Олег Гусев АМТ компаниясының өзіне қарсы шағымы бойынша сот отырысында сөйлеп тұр. Теміртау, 28 қаңтар 2019 жыл.

Теміртауда "АрселорМитталТеміртау" (АМТ) компаниясының журналист Олег Гусевтің үстінен түсірген іскерлік беделін қорғау туралы шағымы бойынша сот процесі қайта жалғасты. 28 қаңтарда сотта психологиялық-филологиялық сараптаманың үзінділері жарияланды. Бұл сараптама былтыр қазан айының соңында тағайындалып, сот процесі тоқтатылған еді. Сарапшылар Гусевтің әлеуметтік желіде АМТ бас директоры Парамжит Калонды "бандерашыл" деп атауы оған тіл тигізу болып саналмай ма және оның суретін Кончита Вурсттың суретімен салыстыруы компания басшысының абыройына келтірмей ме деген сауалдарға жауап беруі қажет болған. Бұл сот процесі қоғамда резонанс тудырған.

Сарапшылар бейне байланыс арқылы сотқа берген жауабында журналистің пікірін "ирония арқылы сынау", жеке пікірін білдіру деп атап, теріс баға беру емесін айтты. Сарапшылар "бандерашыл" деген сөзге тек саясаттанушы ғана құқықтық баға беру керегін айтып, өздері баға бере алмайтынын жеткізді. Судья жауапкер тараптың сотқа Украинаның Қазақстандағы елшісі Татьяна Гавриченкованы шақырту туралы талап-арызын қанағаттандырмады. Соттың жарыссөз кезеңінде талапкер тараптың заңгері Тілек Ибраев:

- Бұл жерде әңгіме сарапшылар айтқандай, ирония арқылы сыни пікір айтуда болып тұр. Ол іскерлік беделге тиіп кетті. Жауапкер шындыққа сай келмейтін ақпарат таратты. Ол суреттерді салыстырып, бас директорды келеке қылды. Екінші эпизодқа келсек, "бандерашыл" деген сөз қазақстандықтардың санасына теріс сипатта сіңіп кеткен. Біз Гусевтің әрекетін тоқтатып, оны аталған жазбасын жоюға және айтқан сөздерін терістеуге міндеттеуді сұраймыз, - деді.

Ал Олег Гусев сотта:

- Компания шағымы арқылы Қазақстан сотының "бандерашыл" деген сөзді Қазақстанда адамды қорлайтын сөз деп тануын сұрайды. Шағымданушы арыз бергенде қазақстандық БАҚ-та өзінің беделін талқылағанын қалаған сияқты. Парақшама жазылғандар оны байқамай қалған еді, алайда, осы шағымның арқасында Калонның жыныстық көзқарасы туралы барлық жерде айтылды. Сот қандай шешім шығарғанына қарамастан, компанияның абыройы қаншалықты төгілгенін есептеу мүмкін емес. Сізден талап-арызды қанағаттандырмауыңызды сұраймын, - деді.

Бұған дейін жауапкер тарап сотта процесс басталғанға дейін "шағымданушы туысымды бопсалап, кінәмді мойындайтыным туралы арыз жазуға мәжбүр болдым" деп мәлімдеген. Компания заңгері жауапкер тарапқа қысым жасалғанын жоққа шығарды. Алайда, ол журналиспен компания Гусевтің туысы жұмыс істейтін мердігер ұйымын қара тізімге енгізбейтіні, ал Гусев АМТ туралы жағымсыз мақалалар жазбайтыны туралы жазбаша келісім жасалғанын терістеген жоқ. Екі тарап қол қойған қол бұл келісім бұған дейін сотта көрсетілген.

АМТ-ның шағымына Олег Гусевтің Facebook-те жариялаған жазбасы мен суреттері себеп болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG