Accessibility links

Сайрагүл Сауытбайдың "пана іздеуші тұлға" куәлігінің мерзімін ұзартты


Сайрагүл Сауытбай мерзімі ұзартылған "пана іздеуші тұлға" куәлігін көрсетіп тұр. Алматы, 28 қаңтар 2019 жыл.

Алматы облыстық полиция департаментінің көші-қон басқармасы Қытайда “қысым көрдім” деп мәлімдеп, шекараны заңсыз кесіп өткені үшін сотқа тартылған этникалық қазақ Сайрагүл Сауытбайға берілген "пана іздеуші тұлға" куәлігінің мерзімін тағы үш айға ұзартты.

28 қаңтар күні облыстық полиция департаменті көші-қон қызметі басқармасының өкілі Елмұрат Нұрсейітов табыстады. Оның сөзінше, 25 қаңтарда мерзімі аяқталған куәлік 25 сәуірге дейін ұзартылды.

Сайрагүл Сауытбай куәлік мерзімін ұзартуда қиындық болмағанын айтты.

Былтыр тамыз айында Алматы облысының Панфилов аудандық соты "шекараны заңсыз кесіп өтті" деп айыпталған Қытай қазағы Сайрагүл Сауытбайды алты ай бас бостандығынан айыруға, бірақ оны "жазасын жеңілдететін ерекше жағдайына" байланысты шартты жазаға алмастыруға үкім еткен. Осылайша сот Сайрагүл Сауытбайды Қытайға депортацияламай, Қазақстанда қалдырған. Бұдан кейін оған Қазақстан билігі үш ай мерзімге "пана іздеуші тұлға" куәлігін беріп, былтыр қазан айында оның мерзімін тағы үш айға ұзартқан.

Былтыр қазанның 4-і күні Алматы облысының орталығы Талдықорған қаласында көші-қон комитетінің жанынан құрылған комиссия Сайрагүл Сауытбайдың өзіне босқын мәртебесін беруді сұраған өтінішін қарап, оны қанағаттандырудан бас тартқан.

Оқи отырыңыз: Заңгер: "Сайрагүлге босқын мәртебесін бермеуі – заңсыз"

Сайрагүл Сауытбай сотта өзіне Қытайда "саяси қысым жасалғандықтан шекарадан заңсыз өтуден өзге жол қалмағанын" мәлімдеген. Сауытбайдың сөзінше, ол Қытайда құпия саналатын "саяси үйрену орталықтарында" жұмыс істеген, "мемлекет құпиясын әшкерелемеу" туралы қолхат берген. Сайрагүл Сауытбай Қытайға қайтарылса, ол елде өзіне өлім жазасы кесілуі мүмкін екенін, Қазақстанда қандай жазаға да келісетінін мәлімдеген.

  • 16x9 Image

    Нұргүл ТАПАЕВА

    Нұргүл Тапаева 2012 жылы Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетін журналистика мамандығы бойынша бітірген. 2008 жылдан бастап қалалық, облыстық, республикалық телеарналарда журналист, редактор болып жұмыс істеген. 2016 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

ПІКІРЛЕР

AzattyqTV

Қазақстан премьерлерінің тарихы
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:48 0:00

Фотогалерея

XS
SM
MD
LG