Түркіменстан Еуропа одағы (ЕО) елдерінен көбірек қару сатып алып жатыр. Бұл туралы хабарлаған Bellingcat зерттеу тобыың мәліметінше, қарудың көп бөлігі Италиядан сатып алынған.
2008 жылы ЕО адам құқығы өрескел бұзылатын елдерге қару экспорттауға тыйым салатын ортақ ұстаным қабылдаған. Бұдан бөлек, Италияда адам құқықтары жөніндегі халықаралық конвенцияны бұзды деп танылған елдерге қару тасымалдауға тыйым салатын заң бар.
Ұйым бұл екі құжаттың адам құқықтары мен бостандықтарына қысым көрсетіп, халықтың ақпарат алу еркіндігін шектейтін Түркіменстанға тікелей қатысы болуы керек еді деп санайды.
Бірақ Еуропа одағының есебіне сәйкес, 2007-2017 жылдар аралығында Түркіменстан Еуропа елдерінен 370 миллион еуроға қару-жарақ сатып алған. Оның 76 пайызын (257 миллион еуро) Италиядан алған.
Ұйым сарапшылары ЕО-ның көп елі қару экспорты туралы мәліметтерін ашық жариялайтынын, бірақ Италия бұл ақпаратты жасыратынын айтады. Дегенмен, зерттеу нәтижесінде Түркіменстанға қару экспортталғаны анықталған.
Bellingcat зерттеуіне сай, экспортталған қару-жарақтың негізгі бөлігін ARX-160 маркалы шабуыл жасауға арналған мерген мылтығы құрайды. 2017 жылы 528 мың еуроға осындай 300 қару экспортталған. 2018 жылдың қыркүйек айында Ашхабадта өткен әскери парадта Италиядан сатып алынған екі AW-109 және екі AW-139 тікұшақтары көрсетілген.
Түркіменстан - әлемдегі және Орталық Азиядағы ең жабық елдердің бірі. Түркіменстан әлемде газ қоры жағынан төртінші орында тұр. Бірақ БҰҰ мәліметтерінше, Түркіменстан халқы кедейлік шегінде өмір сүреді. Құқық қорғаушылар Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедовті адам құқықтарын аяққа таптап, оппозицияны басып-жаншып отыр деп айыптайды.
ПІКІРЛЕР