Accessibility links

Сот АМТ-ның журналиске қарсы шағымын қанағаттандырмады


Журналист Олег Гусев. Теміртау, 29 қаңтар 2019 жыл.

Теміртау соты "АрселорМитталТеміртау" (АМТ) компаниясының жергілікті журналист Олег Гусевтің үстінен түсірген абыройы мен ар-намысын қорғау туралы азаматтық шағымын қанағаттандырудан бас тартты. 29 қаңтарда судья Татьяна Гавриченкова АМТ компаниясынан сот сараптамасына 113 мыңнан астам теңге және жауапкер Гусевке заңгер жалдағаны үшін 360 мың теңге өндіріп алу туралы қаулы шығарды.

- Сот ұйым емес, жеке адам туралы мәлімет таралды, ал АМТ компаниясын бұл іске қатысы жоқ шағымданушы деп санайды. Сот психология-филологиялық сараптаманың қорытындысын және сот процесінде ұсынылған басқа да дәлелдемелерді ескерді, - деді Татьяна Гавриченкова.

Компания журналистің әлеуметтік желіде жариялаған жазбасы мен суреттері АМТ бас директоры Парамжит Калонға тіл тигізіп, абыройына нұқсан келтірді деп сотқа шағымданған. АМТ соттан журналисті жазбасы мен суреттерін жоюға және бас директор туралы келтірген мәліметтерін терістеуге міндеттеуді сұраған.

- Егер сот компания іске қатысы жоқ шағымданушы деп санайтын болса, онда неге шағым жарты жл бойы қаралды? Негізі, соттың процесс барысында шағымданушыны өзгертуге, бізге оны сот шешімі шыққанға дейін түсіндіруге еркі болды. Әрине, біз апелляциялық шағым түсіреміз, - деді компания өкілі Тілек Ибраев.

Олег Гусев пен оның қорғаушысы Камиль Каримов сот шешіміне көңілдері толатынын айтты.

Компанияның шағымдануына журналист Гусевтің әлеуметтік желіде Парамжит Калонды "бандерашыл" деп атап, оның суретін австриялық поп-әнші Том Нойвирттің (өнердегі есімі Кончита Вурст - ред.) суретімен салыстыруы себеп болған.

Психология-филологиялық сараптама жүргізген мамандар сотқа берген жауабында журналистің пікірін "ирония арқылы сынау", жеке пікірін білдіру деп атап, теріс баға беру емесін айтқан. Сарапшылар "бандерашыл" деген сөзге тек саясаттанушы ғана құқықтық баға беру керегін айтып, өздері баға бере алмайтынын жеткізді.

"АрселорМитталТеміртау" - Қарағанды облысындағы көмір шахталары мен Теміртаудағы металлургиялық комбинатқа иелік етеді. АМТ үндістандық бизнесмен Лакшми Митталға тиесілі "АрселорМиттал" трансұлттық металлургиялық тобының құрамына кіреді.

  • 16x9 Image

    Елена ВЕБЕР

    Елена Вебер - шығармашылық псевдоним. Елена - 2010 жылдан бері Азаттықтың Қарағанды облысы бойынша тілшісі. Теміртау қаласында тұрады. ҚарҰУ-дің филология факультетін бітірген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG