Accessibility links

АҚШ конгресі "шатдаун" шығынын есептеді


АҚШ конгресі отыратын Капитолий ғимараты (Көрнекі сурет).
АҚШ конгресі отыратын Капитолий ғимараты (Көрнекі сурет).

АҚШ конгресінің сарапшылары үкімет жұмысы ішінара тоқтаған ("шатдаун") 35 күнде АҚШ экономикасы шамамен 11 миллиард доллар жоғалтқанын есептеді. Конгрестің бюджет жөніндегі басқармасы бұл туралы "шатдауннан" келген шығын туралы есебінде жариялады.

Сарапшылар 11 миллиардтың 8 миллиарды "шатдаун" кесірі тиген 800 мыңға тарта мемлекеттік қызметкер жұмысқа оралған соң қалпына келеді деп отыр. Себебі, жұмысқа оралған қызметкерлер жалақы алған соң қайтадан бюджетке түрлі төлемдер жасай бастайды.

Бюджет жөніндегі басқарма "шатдаун" АҚШ экономикасының 2019 жылға жоспарланған өсімін 0,02 пайызға тежейтінін айтады.

АҚШ президенті Дональд Трамп пен конгресс жетекшілері 25 қаңтарда АҚШ тарихындағы ең ұзақ "шатдаунды" уақытша тоқтату туралы келісім жасасып, Трамп сенат және өкілдер палатасы қабылдаған бюджет туралы заңға қол қойған. Үкіметті 15 ақпанға дейін қаржыландыруды көздейтін заңда Мексикамен шекарада дуал тұрғызуға қаражат қарастырылмаған.

Енді құрамында 17 адамы бар бітімгерлер командасы 15 ақпанға дейін, яғни бюджет туралы қысқа мерзімді келісім аяқталғанша, істі біржақты етуі керек. Трамп Мексикамен шекарада дуалды заңсыз миграция мен есірткі тасымалын тоқтату үшін салу керек деп есептейді.

Трамп бұған дейін егер конгресмендер өзінің талаптары жөнінде келісім жасай алмаса, "шатдаунның" қайталануы мүмкін екенін ескерткен.

Конгрестегі республикашылдар мен демократтардан құралған топ дуал тұрғызу мәселесіне қатысты алғашқы кездесуін өткізеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG