Accessibility links

Қазақстан мен Қырғызстан өкілдері шекарада қару қолдану жайын талқылайды


Қазақстан шекарасындағы ескерту белгісі (Көрнекі сурет).

Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметінің директоры Дархан Ділманов Қазақстан мен Қырғызстан шекара қызметтерінің басшылары таяуда екі ел шекарасында қару қолдану мәселесін талқылайтынын хабарлады. 29 қаңтарда сенаттың халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің жиынында Ділманов өткен аптада Қырғызстан мен Қазақстан шекарасында оқ атылып, бір қазақстандық қаза тапқан оқиғаның мән-жайын баяндады.

23 қаңтарда Қырғызстанның Талас облысындағы Қазақстанмен шекарада қырғыз шекарашылары "Қазақстанға заңсыз жылқы айдап өтпек болған" белгісіз үш адамға оқ атқан. Қырғызстан шекарашылары, "шекарадан заңсыз өтпек болған белгісіз адамдар өздеріне күш көрсетпек болған соң" оларға оқ атып, біреуін жаралаған. Екі адам жылқыларды айдап, Қазақстан шекарасынан өтіп кеткен. Жаралы адам қырғыз шекарашылары ауруханаға алып бара жатқанда қайтыс болған.

Қазақстан шекара қызметінің хабарлауынша, қайтыс болған адам - Жамбыл облысының тұрғыны, 1974 жылы туған. Ресми мәлімет бойынша, қайтыс болған азамат бұрын "заңсыз қасақана мемлекеттік шекараны бұзды" деген айыппен сотталған.

Дархан Ділмановтың айтуынша, Қазақстан шекарасын бұзып өткен екі адам - Қазақстан азаматтары ұсталған. Ділманов олардың шекараны таулы жерде, шекараның қоршалмаған тұсынан кесіп өткенін айтады. "Олар шекараны таулы жерден бұзып Қырғызстанға барып, мал ұрлаған. Қайтарда қырғыз шекарашылары оларға оқ атқан. Жазықтағы шекараны бекіттік, оны кесіп өтуі мүмкін емес. Сондықтан, қазір біз қоршауды таулы жерде де орнатып жатырмыз" деді Ділманов.

Ол Қазақстан шекарашылары да шекара бұзғандарға қажет жағдайда қару қолданатынын, бірақ заң бұзушыны жаралау үшінқолы немесе аяғынан ғана ататынын айтты.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG