Accessibility links

Бішкекте митингіде ұсталған әйел "араздық тудыру" айыбымен қамалды


Бішкектің орталық алаңындағы Қытай мигранттарына қарсылық акциясы. 17 қаңтар 2019 жыл.
Бішкектің орталық алаңындағы Қытай мигранттарына қарсылық акциясы. 17 қаңтар 2019 жыл.

Бішкек соты Қырғызстанда Қытай билігінің Шыңжаң өлкесіндегі аз ұлттарға қатысты саясатына қарсы митингіге қатысқан әйелді "ұлтаралық алауыздық тудырды" деп айыптап, қамауға алды.

Белсенді Аманбол Бабақұловтың Азаттықтың Қырғыз қызметіне хабарлауынша, Бішкек соты Гүлжәмилә Сапаралиеваны соталды тергеу аясында екі айға қамауға санкция берді.

"Интерфакс" агенттігінің Бішкек полициясына сілтеме жасап хабарлауынша, Первомай аудандық соты Сапаралиеваны оған тағылған айыптың ауырлығына және күдіктіден "қоғамға төнетін қауіпке" байланысты қамауға алуды сұраған.

Қазір әйелдің ісі бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Бабақұловтың айтуынша, 56 жастағы Гүлжәмилә Сапаралиева 23 қаңтарда ұсталған.

Сапаралиева 17 қаңтарда Бішкектің орталық Ала-Тоо алаңында өткен "Шыңжаңдағы мұсылмандарды қудалауға" қарсы демонстрацияға қатысқан. Демонстранттар Қырғызстан билігінен елде "заңсыз жүр" делінген Қытай мигранттарын депортациялауды талап еткен.

21 қаңтарда Қырғызстан ішкі істер министрлігі 21 демонстрантқа "қоғамдық тәртіпті бұзды" деген айыппен айыппұл салынғанын хабарлаған.

Соңғы уақытта Бішкекте мұндай қарсылық акциялары көбейе бастаған соң Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков 11 қаңтарда "Қырғызстан мен Қытай қарым-қатынасына сызат түсіргісі келетіндердің" жауапқа тартылатынын ескерткен.

Былтыр тамызда БҰҰ Қытайдың Шыңжаң өлкесінде бір миллионға тарта жергілікті байырғы саны аз ұлттардың өкілдері "экстремизммен күрес орталықтарында" қамауда отырғанын хабарлаған.

Қытай билігі аталған орталықтардың "күштеп қамауда ұстайтын орындар" екенін терістеген.

Шыңжаңдағы саны ең көп байырғы ұлт деп әуелі этникалық ұйғырлар, одан кейін этникалық қазақтар саналады. Өлкеде сонымен қатар этникалық қырғыздар, тәжіктер мен дүнгендер де тұрады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG