Accessibility links

АҚШ Венесуэлада оппозиция басшысын тергей бастағанын айыптады


Хуан Гуайдо, Венесуэла парламентінің спикері.
Хуан Гуайдо, Венесуэла парламентінің спикері.

АҚШ Венесуэла бас прокуратурасының оппозиция жетекшісі, өзін уақытша президентпін деп жариялаған Хуан Гуайдоның үстінен тергеу бастағанын айыптайды. Бұл туралы АҚШ президентінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Джон Болтон Twitter-де жазды. Ол демократияға қауіп төндіріп, оппозициялық саясаткерді қудаламақ болғандарға ескерту жасады.

Бұған дейін Венесуэла бас прокуроры Уильям Сааб жоғарғы сотта соңғы уақытта наразылық шерулерінде болып жатқан зорлық-зомбылықтарға байланысты тергеу жүргізіліп жатқаны туралы хабарлаған.

23 қаңтарда Венесуэла парламентінің спикері Хуан Гуайдо елдегі саяси және экономикалық дағдарысқа байланысты өтіп жатқан халық толқуында өзін елдің уақытша президенті деп жариялаған.

Гуайдо Венесуэланың іс басындағы президенті Николас Мадуро мемлекет басшысы қызметін атқара алмайды деп мәлімдеп, елде мерзімінен бұрын сайлау өткізуге уәде берген. Гуайдоны Венесуэланың басшысы деп Латын Америкасы елдерінің көбі, АҚШ, Австралия, Канада мен Израиль таныды. Еуропа одағы елдері Мадуро егер жедел түрде мерзімінен бұрын сайлау өтетінін жарияламаса Гуайдоны заңды президент деп танитынын мәлімдеген. Ресей, Түркия, Куба мен тағы бірнеше ел Мадуроны президент деп таниды.

Венесуэла революция қарсаңында тұр

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG