Accessibility links

Иран қауіпсіздік қызметі: Зымырандарымыздың радиусын ұлғайтпаймыз


Әли Шамхани, Иран қауіпсіздік кеңесінің хатшысы.
Әли Шамхани, Иран қауіпсіздік кеңесінің хатшысы.

Иран қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Әли Шамхани Тегеранда өз зымырандарының радиусын ұлғайту жоспары жоғын мәлімдеді. Әли Шамхани бұл сөзін 29 қаңтар күні, Иранның жоғары шенді өзге шенеунігі Франция мен өзге де Батыс елдерінің Тегеранның зымыран бағдарламасы туралы ескертуін қайтарып тастағаннан кейін айтты.

"Иранның әскери зымырандарының радиусын ұлғайтуға ешқандай ғылыми немесе тәжірибелік тұрғыдан кедергі жоқ. Бірақ Иран өзінің қорғаныс доктринасына сай, зымырандарының дәлдігін арттыру бағытында үздіксіз жұмыс істеп жатыр және радиусты ұлғайту ниеті жоқ" деді Әли Шамхани.

Иран революциялық сақшылары корпусының басшысы Мохаммад Әли Жафари де 2017 жылы Иран баллистикалық зымырандарының радиусын 2 мың километрге дейін азайтқанын мәлімдеген.

Франция сыртқы істер министрі Жан-Ив Ле Дриан өткен аптада Париж егер Тегеранның зымыран бағдарламасын шектеу туралы келіссөзден нәтиже шықпайтындай болса, онда Иранға санкция салуға дайын екенін мәлімдеген.

АҚШ пен Батыс елдері Иран зымырандарын ядролық оқтұмсық алып ұша алатындай деңгейге жеткізуге жұмыс істеп жатыр деп санайды.

Ал Иранның басқа шенеуніктері Батыс елдері қойған талаптарға қатаң жауап қайырды. Иранның рухани көсемі аятолла Әли Хаменеидің кеңесшісі генерал-майор Хасан Фирузабади IRNA агенттігіне "Иранның зымыран және қорғаныс әлеуетін жетілдіру жөнінде келіссөз болуы мүмкін емес" деді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG