Accessibility links

Трамп АҚШ барлау қызметінің тұжырымымен келіспейді


АҚШ ұлттық барлау қызметінің басшысы Дэн Коутс сенаттағы тыңдауда сөйлеп тұр. Вашингтон, 29 қаңтар 2019 жыл.
АҚШ ұлттық барлау қызметінің басшысы Дэн Коутс сенаттағы тыңдауда сөйлеп тұр. Вашингтон, 29 қаңтар 2019 жыл.

АҚШ президенті Дональд Трамп барлау қызметінің басшылары Ираннан төнетін қауіпті жеткілікті бағаламай отырғанын және олардың Солтүстік Кореядан төнетін қауіп-қатерді бағалауымен келіспейтінін мәлімдеді.

Бұдан бұрын АҚШ конгресі сенатында барлау қызметінің басшылары Солтүстік Кореядан әлі қауіп барын, ал Иран ядролық бағдарламасын тоқтату туралы келісімге сай ядролық қару жасау жұмысын доғарғанын хабарлаған. Америкалық барлау қызметінің қорытындысы АҚШ президентінің бағалауына мүлдем қайшы келеді.

"Барлау қызметінің басшылалы Ираннан төнетін қауіпті бағамдауда өте енжар көрінеді. Олар қателеседі" деп жазды Дональд Трамп Twitter-дегі парақшасында. Трамп Иранның зымыран сынағанын еске салып, Тегеранның "қауіпті межеге тым жақын келгенін" мәлімдеді. "Бәлкім, барлау қызметкерлеріне әлі біраз оқып-үйрену керек шығар" деді президент.

АҚШ былтыр әлемдік державалардың Тегеранмен жасасқан ядролық келісімінен шығып, Иранға жаңа санкция салған. Дональд Трамп ол кезде Тегеран "келісім талаптарын орындамай отырғанын" мәлімдеген. Иран 2015 жылы жасалған келісім бойынша ядролық бағдарламасын тоқтатып, ал халықаралық қауымдастықтың бұл елге салған санкциясы жойылған еді.

АҚШ барлау қызметінің басшылары сенатта сонымен қатар "Ислам мемлекеті" экстремистік ұйымы АҚШ-қа әлі қауіп төндіріп отырғанын мәлімдеген. Ал Трамп бұған дейін "Ислам мемлекеті" ендігі күйрегенін бірнеше рет мәлімдеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG