Accessibility links

Жоғарғы сот басшысы жемқор судьяларға ара түспейтінін айтты


Қазақстан жоғарғы сотының төрағасы Жақып Асанов.
Қазақстан жоғарғы сотының төрағасы Жақып Асанов.

Астанада судьялардың кеңейтілген отырысында сөйлеген Қазақстан жоғарғы сотының төрағасы Жақып Асанов бас прокуратура, ұлттық қауіпсіздік комитеті және сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметпен бірге "судьялар арасында қызмет бабын теріс пайдалану оқиғаларын дер кезінде анықтаудың механизмін" талқылап жатқанын мәлімдеген. 2018 жылдың қорытындысына арналған жиында Жақып Асанов "күллі судьялардың беделіне нұқсан келтіретін судьяларды ортақ ынтымақтастыққа бола қорғап, бүркемейтінін" айтқан.

Жемқорлық айыбымен жауапқа тартылған судьялар туралы ашық ақпарат жоқ. 2017 жылы прокуратура Tengrinews сайтының сауалына берген жауабында 2015 жылдың басынан 2017 жылдың шілде айына дейінгі аралықта жемқорлық айыбымен төрт судьяның сотталғанын хабарлаған.

Астанадағы кеңейтілген отырыста Жақып Асанов елде алқабилер құрамы қарайтын істердің саны азайғанын айтқан. Қазақстанда алқабилер соты 2007 жылы енгізілген. Алқабилер соты ауыр қылмыстар туралы істерді қарайды. Алқабилер сотына кандидаттардың тізімін жергілікті атқарушы билік органдары жасайды.

"Біздегі алқабилер сотына қатысты шынайы жағдай барған сайын нашарлап келеді. 2018 жылы олардың қатысуымен небары 44 қылмыстық іс қана қаралған. Бұл ең алдымен заңнамадағы себептерге байланысты. Қазір алқабилер 13 құрам бойынша істерді қарай алады" деді Асанов.

"Біз аса ауыр қылмыстардың көбін біртіндеп алқабилер сотына беруді ұсынамыз. Бүгін біз алқабилер қарайтын құрам санын 27-ге, яғни үш еседен артық көбейтуді ұсынамыз" деген ол.

Жоғарғы сот төрағасы кеңейтілген отырыста әріптестерінен құрғақ есеп беруден бас тартып, түсінікті тілде сөйлеуді талап еткен.

Бұған қоса ол адвокаттардың өтінішті кассациялық инстанцияға беру мәселесін шешумен жалғыз судья айналысатыны туралы жоғарғы сотқа шағымданғандарын айтқан. "Тек бір ғана судья қараған кезде жаңылысу ықтималдығы жоғарылайды. Сондықтан кассациялық инстанцияға өтінішті беру немесе бермеуді бір емес, үш судья шешсін. Ал кассациялық істі қазіргідей үш судья емес, бес судья қарап, шешім қабылдайтын болады. Және ол бесеудің арасында кассациялық істі қозғау бастамасын көтерген үш судья болмауы тиіс" деген ол.

Жақып Асанов 2017 жылдың соңынан бері Қазақстан жоғарғы сотын басқарады. Оған дейін Асанов бір жарым жыл бас прокурор, ал оның алдында – бас прокурордың орынбасары болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG