Accessibility links

Ресей үкіметі Рунетті оқшаулау жобасын құптады


Интернет пен мессенджерді бұғаттауға қарсы акцияға қатысушылар. Мәскеу, 30 сәуір 2018 жыл.
Интернет пен мессенджерді бұғаттауға қарсы акцияға қатысушылар. Мәскеу, 30 сәуір 2018 жыл.

Ресей үкіметі интернеттің ресейлік сегментін (Рунет) ғаламдық желіден оқшаулау мүмкіндігі туралы заң жобасына қолдау білдірді. Бұл туралы министрлер кабинетінің пікіріне сілтеме жасап ТАСС агенттігі хабарлады.

Бұған қоса үкімет заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдағаннан кейін оны жетілдіруді ұсынады. Қазір заң жобасы мәтінінде үкіметтің келіспеушілігін туғызып отырған негізгі мәселе – интернеттің ғаламдық бөлігінен ресейлік сегментін ажырату үшін байланыс операторларына қосымша құрал-жабдық алуға керекті қосымша қаржыландыру көздерін атап көрсету қажеттігі туралы талап. Заң жобасына түсініктеме хатта оны қабылдау қосымша қаржыландыруды талап етпейді деп көрсетілген, бірақ сарапшылар басқаша қорытындыға келген.

Сонымен бірге үкімет жазбасында операторлар желісіне қосымша жабдықтар орнату, желіде ақпаратты таратуға тыйым салынған жағдайларды қоспағанда, байланыс сапасын нашарлатпауы керек деп жазылған.

Бұған қоса заң жобасындағы ғаламдық желіден ажыратуға негіз болатын қауіпсіздік пен тұтастыққа қауіп-қатер деген ұғымды нақтылау туралы ұсыныс айтылған.

Ресей мемлекеттік думасына 2018 жылы желтоқсанда енгізілген заң жобасының авторлары арасында Ресей федерация кеңесі комитетінің жетекшісі Андрей Клишас және мемлекеттік дума депутаты Андрей Луговой бар. Жоба авторлары бұл заңды "киберкеңістіктегі АҚШ-тың агрессиялық іс-әрекетіне" байланысты қабылдау қажеттігін айтады. Олардың пікірінше, қауіп-қатерден қорғану үшін ғаламдық желіден ажырату Рунеттің "тұрақтылығын" қамтамасыз етпек.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG