Accessibility links

Астана әкімі бес бала ажал құшқан өрт оқиғасын тексеруді талап етті


Бес баланы мерт қылған өрт шыққан үйдің орны. Астана, 4 ақпан 2019 жыл.
Бес баланы мерт қылған өрт шыққан үйдің орны. Астана, 4 ақпан 2019 жыл.

Астана қаласының әкімі Бақыт Сұлтанов бес баланың ажалына себеп болған жеке тұрғын үйдегі өрт оқиғасынан кейін шұғыл кеңес өткізді деп хабарлайды әкімдіктің ресми сайты.

"Ауыр қазаға душар болған отбасына қайғырып көңіл айтамын. Қала басшылығы оқиға орнында болды. Қаза тапқан балалардың ата-анасымен психологтар және әлеуметтік қызмет мамандары жұмыс істеп жатыр. Сарыарқа ауданы әкіміне жерлеу рәсімін ұйымдастыруды және отбасына уақытша баспана беруді, жанған үйді тез арада қалпына келтіру үшін қаражат бөлуді тапсырамын" деген қала әкімі.

Жиында төтенше жағдайлар департаменті (ТЖД) бастығының міндетін атқарушы Марғұлан Аманбаев осыған дейін "Көктал-1" тұрғын алабында өрт және басқа да төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында профилактикалық жұмыстар жүргізілгенін айтқан. "ТЖД қызметкерлері профилактикалық шараларды жүргізу барысында осы [өртенген] үйге де барып, олқылықтарды жою туралы ескерткен", - дейді Аманбаев.

Сұлтанов Астанадағы аудан әкімдеріне полиция және төтенше жағдайлар департаменттерімен бірлесіп дереу қаладағы жеке тұрғын үйлерді аралап, әр үйдің өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестігін тексеруді жүктеген, сонымен бірге өткен түнде болған қайғылы оқиғаның жай-жапсарын анықтауды тапсырған.

"Бұл сіздердің тікелей қызмет міндеттеріңіз, мен ол туралы әрдайым қаперге салып отыруға тиіс емеспін! Бұл жұмысты баяғыда жүргізу керек еді, міндетті түрде қайғылы оқиға болғанын күтесіздер ме?! Бұл ТЖД-нің қателігі. Сіздер жеке сектордағы әр тұрғынды білуге тиіссіздер" деп сөккен әкім.

Ішкі істер министрлігі төтенше жағдайлар комитетінің мәліметі бойынша, ақпанның 4-іне қараған түні Астананың Сарыарқа ауданы Шыңғыстау көшесіндегі үйдің ауласындағы уақытша баспанада өрт шыққан. Өрт салдарынан үйдің төбесі жанып ортасына түскен. Өрт суыт хабар түскеннен кейін бір сағатқа жуық уақыт өткенде сөндірілді деп хабарлайды комитет.

Өртке қарсы күрес қызметі өкілдері өрт болған үйдің орнынан қаза болған бес баланы тапқан. Олардың ең үлкені 2006 жылы, ал ең кішісі – 2018 жылы туған. Балалар үйде жалғыз болған деп хабарланды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG