Accessibility links

Испания Гуайдоны Венесуэланың уақытша басшысы деп таныды


Хуан Гуайдо.

Еуропа одағы елдері арасынан Испания алғаш болып Хуан Гуайдоны Венесуэланың уақытша президенті деп таныды.

Венесуэла саяси дағдарыста тұрған шақта өзін-өзі "уақытша президентпін" деп жариялаған ел парламентінің спикері Хуан Гуайдоның билігін мойындайтыны туралы дүйсенбі күні Испания премьер-министрі Педро Санчес мәлімдеді деп хабарлайды Reuters агенттігі.

Осының қарсаңында бұған дейін Еуропа одағы Венесуэла президенті Николас Мадуроға елде кезектен тыс президент сайлауын өткізуге берген 8 күн мерзім біткен болатын. Осы кезге дейін АҚШ, Канада және Латын Америкасының бірқатар елдері Хуан Гуайдоны Венесэуланың заңды басшысы деп таныған.

АР агенттігінің хабарлауынша, Швеция мен Франция да Гуайдоны мойындаған. Бұған дейін Франция сыртқы істер министрі Жан-Ив Ле Дриан Гуайдоның жаңа сайлау тағайындауға "заңды құқығы бар" деп мәлімдеген. Бұған дейін Париж егер Мадуро кезектен тыс сайлау жарияламайтын болса "ары қарай қадам" жасауға уәде еткен. Ондай қадамға барып, Гуайдоны тануға әзір екенін мәлімдеген елдердің арасында Ұлыбритания, Германия мен Нидерланд бар. Еуропа одағы елдерінің көбі әзірге ондай ресми мәлімдеме жасаған жоқ.

Бұған дейін Мадуро елде кезектен тыс президенттік сайлаудың орнына парламент сайлауын мерзімінен бұрын өткізуге шақырған. Ол АҚШ-ты қарулы интервенцияға дайындалып жатыр деп айыптап, "жаңа Вьетнамға жолығатынын" ескертіп, сес көрсеткен. Венесуэла қарулы күштері басшылығы Мадуроны қолдайтынын мәлімдеген.

Ресей, Куба, Түркия және Қытай Мадуроны Венесуэланың заңды президенті деп санайды. Әйткенмен Қытай сыртқы істер министрлігінің өкілі Венесуэланың өз ішіндегі тірес қалай аяқталса да, ол Каракас пен Пекин арасындағы қарым-қатынасқа еш әсер етпейді деп мәлімдеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG